el24.kz  Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында орналасқан өндірістік нысандардың бірінде болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар туралы қосымша ақпарат жарияланды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға нәтижесінде екі адам көз жұмған. Құрбандардың бірі – 33 жастағы металлург Олжас Рамазанов. Марқұмның артында екі қызы қалды.

Жақындарының айтуынша, ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман әрі отбасысына қамқор әке болған.

Оқиға барысында тағы бірнеше адам түрлі деңгейдегі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді. Дәрігерлер зардап шеккендерге қажетті көмекті толық көлемде көрсетіп жатыр. Өрт сөндіру қызметтері дер кезінде әрекет етіп, жалын толықтай ауыздықталған.

Қазіргі уақытта жарылыстың нақты себептері анықталу үстінде. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілуде.

Жергілікті атқарушы органдар қаза тапқандардың отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат ресми түрде жарияланатын болады.