Кеш түсе төсегіме жатысымен ұйықтап кеттім. Шырт ұйқыда жатқан мені біреу ту сыртымнан қатты итеріп жібергенде, тақтамның жақтауынан ұстап, сәкіге құламай қалдым. Ұйқым шайдай ашылды. Жан-жағыма қарасам, менің бетіме үңіле қарап, шашын иығына төгілте түсірген, үстіне қазақтың оюлы камзолын киген қара торы көркем әйел жанымда тұр.
«Бұл әйел біздің үйде неғып жүр» деп таң-тамаша болдым. Мені арқамнан итерген осы әйел екеніне шүбәм қалмады. Ал, әйел түк болмағандай жанымда безірейіп тұр. Менің ашуым басыма теуіп:
- Есіңіз дұрыс па? Сіз мені неге итересіз? Сіз өзі кімсіз? Әйел басыңызбен менің бөлмеме неге рұқсатсыз кіресіз? – деп әйелге тарпа бас салдым. Ол менің сөзіме жымиды да, үндемей тұра берді. Жанымнан кетер емес.
Мен ызадан жарылардай болып:
- Түн ішінде әйел басыңмен ер адамның бөлмесіне кіріп, мені итеріп сәкіге құлатқың келеді, тіптен кешірім сұрауды да білмейсіз. Енді шығыңыз бөлмемнен - деп әйелге кеиіп оны қолынан жетелеп бөлмеден шығарып жіберейін десем, о, тоба, әлгі әйелдің қолы қолыма ілігер емес, бір етсіз-сүйексіз жаратылған пенде ме дерсің.
Мен әйелге аңтарыла қарадым, ол томсырая маған қарап тұр екен. Сол кезде ғана әйелдің тылсымнан келген «елес әйел» екенін түсіндім. Мені осындай «елестер» жиі мазалап жүргендіктен оларға етім үйренген. Сондықтан «Елесті» көргеніме онша үрейлене қойған жоқпын. Бірақ бұл жолғы «елес» тосын қылық жасап, агрессия танытқанына таңғалдым.
Енді «елес әйелдің» арбауына түспес үшін мұсылмандардың сенімді қорғаны құранның қасиетті аяттары мен сүрелерін оқи бастап едім «елес әйел» көз алдымда ғайып болды. Дегенмен «елес әйелмен» тілдесіп оның не айтқысы келгенін білу керек еді ғой деп, өкініп те қалдым...
Ерсін Ерғалиев