el24.kz Астана қаласында 15 мамыр күні Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аталған шараға дайындық жұмыстары 10 мамырдан басталған. Осы күннен бастап елорда әуе кеңістігінде әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары жүргізілуде.
Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, барлық ұшулар қауіпсіз биіктікте жүзеге асырылады және қала тұрғындары мен қонақтарының күнделікті өміріне айтарлықтай кедергі келтірмейді.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жаттығулар мен демонстрациялық ұшу кезеңінде туындауы мүмкін қысқа мерзімді шу деңгейінің артуына түсіністікпен қарауды сұраймыз», – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі барлық іс-шаралар қауіпсіздік талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылатынын атап өтті. Ведомствоның мәлімдеуінше, демонстрациялық ұшу кезінде қолданылатын түрлі түсті түтіндер тек көрнекілік мақсатында пайдаланылады және қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейді.
Айта кетейік, мұндай демонстрациялық ұшулар әскери авиацияның мүмкіндіктерін көрсетуге және мерекелік іс-шаралардың көркін арттыруға бағытталған. Қорғаныс министрлігі тұрғындарды алаңдамауға және жоспарланған жаттығуларға түсіністікпен қарауға шақырды.
