Уақыт… 28 жыл… Сол бір күндер көз алдымнан тізбектеліп тағы бір өтті. Жастардың әңгімесі ескі бір жараның аузын тырнап, қан жылатты.
Иә, уақыт өтсе де адамның жүрегінде қалған сезім ешқашанда өшпейді. Студенттік күндер… Ол жігітті алғаш көргеннен жаныма жақын тарттым. Кездескен сайын біртүрлі мазам кетіп, жүрегім тулап, кеудеме сыймай кететін болды.
Жаксы дос, сырлас болдық. Оның сүйгені барын білдім. Қара түнекке оранғандай күй кештім. Бірақ оған ешнәрсені сездірмей, қуанышына шын көңіліммен ортақтастым. Сүйгені басқа қалада оқиды екен. Бір күндері оның ұнжырағы түскен, көніл-күйінің жоқ екенін байқап қалдым.
Содан аңгімеге тартып, жағдайын сұрадым. Сүйгенінің дұрыс сөйлеспей жүргенін айтты. Екеуміз почта бөліміне барып, қоңырау шалдық. Қызы кешірім сұрап, тұрмысқа шыққалы жатқанын айтты. О, Алла, сол кезде өмірімде алғашқы рет ер адамның козіне жас алып, қайғырғанын көріппін. Ол үшін жаным қатты ауырды. Бар жан-тәніммен оның жарасын жеңілдетуді ойладым. Сөйтіп достығымыз күннен-күнге ұлғайып, арамызда бір керемет нәзік сезім пайда болды. Өмірде менен өткен бақытты қыз жоқ болып көрінді. Достары да мені сыйлап, ерекше құрмет көрсетті.
Бірақ…! Әттең…! Жалғыз менің махаббатым екеумізге аздық еткен екен!
1- ші курстан кейінгі жазғы практикадан, ол өзгеріп келді. Ол кезде 1 курс студенттері жазғы демалыста құрылысқа барушы еді, сол кезде екеуміз екі отрядқа бөлінген едік. Амал не! Сүйгенім "Кыздар институтынының" жас мұғалімімен көңіл қосқан екен. Мен мәңгіге өлдім. Қураған ағаштай солдым. Қайта көктей алмадым. Махаббат әні мен үшін өшті… Бірақ, оны ұмыта алмадым. Өмір бойы онымен сырласып, қиялымда қауышып, сырласып келемін. Оған бақыт тіледім.
Иә адам болған соң өмір сүру керек. Ол да үйленді, бірақ мүлде басқа біреуге. Екі қызы бар. Мен де өзімді суйген жігітке тұрмысқа шықтым. Аллаға шукір бір қыз, екі ұлым бар. Иә мен өте бақытты анамын, бірақ махаббатсыз, сезімсіз әйелмін. Әрине жарыма разымын, әрқашан оның тілеуін тілеймін, өзімді оның алдында өте кінәлі санаймын. Бірақ табиғаттың жаратылысына ешкім кінәлі емес-ау. Өмірде махаббаттың орны бөлек қой!!! Сүйген жүрекке әмір жоқ!
Айналайын ұл-қыздар, махаббаттарынды аялаңдар! Қолдарыңдағы бақыт құсын ұшырып алмаңдар!