Бұрындары декабристердің әйелдері жер аударылған күйеулерінің артынан «ыстық-суықты бірге көруге» ойланбастан барған.
Сүйіктісінің жанынан табылу үшін небір қиындыққа шыдаған. Мамандардың айтуынша, бүгінгі қыз-келіншектер ондай ессіз адалдыққа бармаса да, сүйіктісінің қасында болу үшін әлі де көп нәрсеге дайын.
Сүйіктісі үшін шабаданын жинап, жердің қиырына кетіп қалатын қыздар бар әлі. Мұндай жағдайда қыз бала үйреншікті ортасынан, жақындарынан, достарынан, жұмысынан айырылады. Үлкен қалаға барса басқа, ал ауылдық жер болса ше?
Мұндай құрбандыққа көбіне қоғамда әлі нақты орнын тауып үлгермеген жас қыздар барады. Тұрғылықты жерін, қоршаған ортасын өзгертіп, “өзін” табуды армандайды. Кейде өзін қанағаттандырмайтын жағдайлардан, ортадан қашады. Дегенмен, үлкен махаббат туралы арман бірінші орында тұрады. Осы сезімнің салдарынан қыз жігіттің етегінен ұстап қайда болса да кете барады.
“Шаршап қалған” әйелдер қайдан шығады?
Екіншіден, қыздар сұлулық салондары мен пластикалық хирургтарға, тырнақ, шаш күтімі, диетаға отыру тәрізді әйел ажарына байланысты дүниелердің бәрін жасауға әзір. Оған көп күш-жігер, уақыт, қаражат қажет. Ендеше сұлулық – құрбандықты талап етеді, деген рас. Құрбандық жігітке ұнау үшін жасалады.
Бірақ құрбандықтың тағы бір түрі бар.
Некедегі кей әйелдер өзіне уақыт бөлуді тоқтатады, өзін күтімдеуді ұмытады.
Үй шаруасы, тамақ әзірлеу, күйеуінің жағдайын жасау, ата-аналарымен қарым-қатынас, балаларды өсіру, мектепке апару-әкелу, деп жүріп көрікті қыздар шаршап жүрген әйелге айналып шыға келеді. Кейде әйелдер отбасының өзге мүшелерінің мүддесі үшін өз денсаулығынан да үнемдейді.
Сонымен қатар, мансабын, қоғамдағы орнын тастап, үйде отыруға, бала тәрбиелеуге дайын қыздар да бар. Десек те, көп қыздар табысты мансаптан, абырой-мәртебеден бас тартпайды. Еркін жүруді үйренген, ешкімге бағынышты болғысы келмейтін, өз дегенімен жүргісі келетін, өз міндеттерін ұмытып бара жатқан қыздар осындайдан шықса керек. Сондықтан, мансап пен үй тұрмысы арасындағы таңдауды жасау әсте қиын, сондықтан мұны да құрбандыққа бару деп есептеуге болады.
Иә, махаббат үшін көп нәресі құрбан етуге болады. Тек отбасылық өмірдің бақыты да, қызығы да — ерлі-зайыптылар бірге қиналып, әрбір дүниесіне бірге қол жеткізіп, барлық игілікке бірге жету екенін ұмытпау керек.
Осыны түсінген әйелдің құрбанын сүйіктісі лайықты бағалайды. Солай емес пе?
Аяжан Төрехан