el24.kz Павлодар облысында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан бір адам қаза тапты. Екінші ұшқыш түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, апат 27 мамыр күні Павлодар облысының Железинка ауылы маңында болған. Әуе кемесі «Жеңіл және аса жеңіл авиацияны пайдаланушылар» заңды тұлғалар бірлестігіне тиесілі.
Ведомствоның хабарлауынша, ұшақ авиациялық-химиялық жұмыстарды орындау кезінде апатқа ұшыраған. Алдын ала мәлімет бойынша, әуе кемесі электр желілеріне соғылған.
«Бортта экипаждың екі мүшесі болған. Оқиға салдарынан бір ұшқыш қаза тапты. Екінші ұшқышты ТЖД қызметкерлері алып шықты, ол есін біледі», — делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта зардап шеккен ұшқышқа медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Көлік министрлігі әуе апатының себептерін ведомствоның Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің мамандары анықтайтынын мәлімдеді. Тергеу тобы оқиға орнына аттанған.
