el24.kz   Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың экс-жұбайы Назым Қахарман жақын арада өмірбаяндық кітабын оқырман назарына ұсынатынын мәлімдеді.

Автордың айтуынша, қазіргі уақытта кітап баспа қарауында жатыр. Туындының ресми таныстырылымын осы жылдың күзінде өткізу жоспарланып отыр.

Назым Қахарман еңбегінің автофикшн жанрында жазылғанын атап өтті. Бұл жанр шынайы оқиғалар мен өмірлік тәжірибелерге негізделгенімен, көркем әдебиет элементтерін де қамтиды.

Оның сөзінше, кітапта бұрынғы жұбайының жеке өміріне қатысты жайттар, сондай-ақ оның көңіл жарастырған әйелдері туралы мәліметтер де берілген. Алайда автор аталған адамдардың тек есімдері ғана көрсетілетінін, басқа жеке деректері жарияланбайтынын айтты.

Сонымен қатар Назым Қахарман кітаптағы мәліметтерге байланысты қандай да бір талап-арыздар түсетін болса, өз ұстанымын дәлелдеуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, өзінде бұрынғы күйеуіне қатысты хат-хабарлар мен басқа да дәлелдер сақталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді «Её звали Салтанат» атты кітап шығарып, онда қарындасының өмір жолы мен сот процесіне қатысты оқиғаларды баяндаған болатын.

Жаңа кітаптың жарық көруі қоғамда үлкен қызығушылық тудырып отыр. Автордың айтуынша, шығармада оның жеке өмірі мен бастан өткерген оқиғалары жан-жақты қамтылған.