8 Наурызға орай аналарға,қыз - келіншектерге арналған өлең,толғау, арнауларды жариялауды бастаймыз.Егер біздің портал арқылы қыз -келіншектерді құттықтап, әдемі дүниеңізді жариялағыңыз келсе ,мекен-жайымыз Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.
Есіміңізді тасқа қашап жазамын ғой деуші едім. Жаздым. Жай тас емес, Құлпытасқа! Бақыл болыңыз, АНАШЫМ!!!
Қадыр ақынның:
Өлмеудің де бір амалын
Табатұғын уақыт қой,
Елуде де тірі ананың
Ұлы болу бақыт қой, - дегенің жаттап өскен, солай болса-ау деп армандап өскен едім, оған амал бар ма?! Елуге сәл жетпей анамыздан көз жазып қалдық.
Толстой анасынан үш жасында қалады. Өзінің айтуы бойынша «анамның кескін-келбеті жадымда» дейді. Иландым. Данышпан адам жалған сөйлемейтін болар. Бір қызығы сол данышпан қария ата сақалы аузына түсіп, жасы сексенге қараған шағында «Бұ ғаламда сенен басқа мен бейбақта қорған да жоқ, қалқан да жоқ, шешетай» деп көзінен алты тарам жасын ағызып отырып анасын жоқтаған екен.
Анаға деген махаббат, анаға деген сағыныш, ананың мейіріміне деген мұқтаждық жас талғамайтынын, уақыт талғамайтынын содан-ақ біле беріңіз!..
Сол Толстойдың шәкірті Шәкәрім қажы да анаға арнаған атақты өлеңін алпыстан асқан шағында жазған.
Анадан алғаш туғанымда,
Жыладым неге дабыстап.
Кiндiктi кесiп қиғанында,
Анамнан кеттiм алыстап... деп басталатын керемет философиялық туынды! Әні қандай, сай-сүйекті сырқыратады!
Осы жерде сәл лирикалық шегініс жасай кетсем деймін. «Кіндікті кесіп қиғанында» дегендегі соңғы сөз, «қиғанында» емес, «буғанында» сияқты болады да тұрады. Қазақ кіндікті қимайды, кеседі. Пышақпен, қылышпен, айбалтамен... Әйтеуір қимайды. Қазтуғанның «Кіндігімді кескен жұрт» деуі тегін емес. Сосын қазақта «кіндігімді кескен жер», «кіндік қаным тамған жер» деген бар, кіндігімді қиған жер деген ұғым мүлде жоқ. Жә, бұрын биге жүгінетін қазақ енді ғаламторға үңілетін болдық қой. Қарайық. «Кіндікті түбінен кеспейді. Оның түбінен 2-3 см қалдырып, ұшын жіппен буып қояды» дейді «Гугл» деген білгіш. Қию туралы жұмаған аузын ашпайды...
Баспасынан кеткен қате ме, басқасынан кеткен қате ме ол жағынан хабарымыз жоқ. Әйтеуір осы сөзде бір кілтипанның бары анық. Сонымен менің нұсқамда бұл өлең:
Анадан алғаш туғанымда,
Жыладым неге дабыстап.
Кiндiктi кесiп буғанында,
Анамнан кеттiм алыстап, - болуы тиіс.
Бұған шәкәрімтанушылар мен арнайы мамандар назар аударар деген үмітім бар.
Әу бастағы әңгімемізге оралайық. Сонымен «Кіндікті кесіп буғанында,
Анамнан кеттім алыстап...»
Жалпы құрсақта жатқан ана мен баланың арасындағы қарым-қатынаста кіндіктің атқаратын ролі орасан. Кіндіктің сырты тұтас көрінгенімен, іші үш бөліктен тұрады. Оның бірі арқылы іште жатқан нәрсетеге – ауа барады, екіншісімен – азық, ал үшіншісі арқылы бала сыртқа зәр шығарады. Мұның бәрін тағы да Шәкәрім қажы:
Жатырда қанды емізген,
Ауызсыз қорек жегізген.
Туғызып, түзеп, өсіріп,
Өзімді өзім дегізген
Тіршілік сөйтіп таралған, - деп бір ғана шумаққа сыйғызып жібереді.
Сәби анасының құшағында, бірақ анасынан алыс. Себебі екеуін жалғап тұрған нәзік байланыс кесілді, үзілді. Адамның мынау жарық жалғанға жылап келетін бір себебі содан да болса керек. Кінідігі кесілген сәтпен бірге жалғыздық пен жетімдік басталады. Сол себептен дүниеге шыр етіп, кіндігіміз кесілген күннен бастап біздің бәріміз жалғыз әрі жетімбіз...
...Асқар Сүлейменов ағамыздың «жедел жәрдем» келіп кеткен соң Әлия жеңгемізге «Е-ей, сорлы бала, жылаңыз, сіз әлі көп жылайсыз. Өйткені, сіз – жетімсіз. Өйткені, мен – жетіммін. Жетімдік дегеніңіз – жалғыздық...» деуі тегін емес.
Бұл Абайда да бар ғой. Әйгілі «Сегіз аяқтың» түйіні:
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым – тап шыным! – деп аяқталмайтын ба еді?!
...Иә, бұдан өткен шындық жоқ!
Мұрат Рақымжан
Семей шəрінен.