el24.kz Ақтөбе облысы, Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылында екі жұмысшы арасында болған жанжал ауыр қылмыспен аяқталды. Оқиға 28 сәуір күні таңғы уақытта тіркелген.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, кәсіпорынның екі қызметкері мас күйінде сөзге келіп қалып, жанжал барысында олардың бірі екіншісіне пышақ жарақатын салған. Қақтығыс салдарынан зардап шеккен 43 жастағы ер адам шұғыл түрде Кеңқияқ ауылдық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлер науқасқа қажетті медициналық көмекті көрсеткен. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр, ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Аталған факті бойынша Кеңқияқ ауылдық полиция бөлімінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен азаматтың жағдайы дәрігерлер бақылауында екенін растады.
