el24.kz Қазақстанда банктер арасындағы төлемдерге арналған бірыңғай QR-код жүйесін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жобаның кешігуі әдейі жасалып жатқан жоқ. Бұл – күрделі техникалық әрі қауіпсіздікке қатысты процесс.

«Созып жатыр деген пікір болуы мүмкін. Бірақ біз бұл процесті егжей-тегжейлі зерделедік. Арнайы команда жұмыс істеп жатыр. Банктер өз экожүйелерінде QR-төлемдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қомақты инвестиция салған. Енді сол жүйелердің қауіпсіздік шеңберінде өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді», – деді ол.

Ұлттық банк басшысының сөзінше, барлық банктер қажетті құжаттарға қол қойған. Қазір негізгі назар техникалық интеграция мен жүйелердің өзара қауіпсіз байланысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Алдын ала мәлімет бойынша, бірыңғай QR-код жүйесі 2026 жылдың шілде айында іске қосылуы мүмкін. Сонымен қатар, егер техникалық жұмыстар жоспардан ертерек аяқталса, жүйе одан да бұрын қолданысқа берілуі ықтимал.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі бірыңғай QR-код жүйесін 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін толық іске қосу жоспарланғанын хабарлаған болатын.