Таң алдында дәрет қысып оянып кеттім. Қараңғыдан сұмдық қорқатынмын. Бірақ қуығыма толған дәрет қорқынышымды ұмыттырып, еріксіз сыртқа айдап шығарды. Дәліздің светін жағып, тысқа шықтым. Қора ішіндегі әжетханаға баруға жүрегім дауаламай, аулада дәрет сындырдым. Қараңғы түнде әлдекім шыға келіп бассалардай, бойымда белгісіз қорқыныш билеп барады. Дәрет алып бола сала үйге қарай жүгірдім. Дәлізге кіргенде ғана жүрегім орнына түсіп, қорқынышым ептеп басылғандай болды.Содан төсегіме келіп жаттым. Екінші керуетте жатқан інім ұйқы құшағында.
Дегенмен, бірден ұйықтап кете алмадым. Әрнәрсені ойлап жатып, бір кезде көзім ілінген екен деймін, кенет баяу қалқып жоғары көтеріле бердім. Содан ақырын қалқыған күйі жерге түстім. Бұның өзі баяулап көрсететін кинолентаға ұқсайтын сияқты. Табаным еденге тиген кезде тізелерім салмағымнан бүгіліп отырып барып қайта тұрдым. Бөлменің іші ұзын жіңішке вагонға ұқсайды. Сүттей ұйыған жарық.Кенет төсегімде жатқан өзіме көзім түсті. Көрпем ашылып, басым бір жағына қарай қисайып қалыпты. Сол жағыма қарасам, басын көрпеге тыққан інім тып-тыныш пысылдап ұйықтап жатыр. Өңім бе, түсім бе біле алмай, аң-таңмын. Содан, ұйықтап жатқан өзіме жақындап үңіліп қарадым. Бетбейнем, тіпті ақырын алған тынысыма дейін ап-анық естіліп тұр.Шошынайын дедім. Мынау жатқан кім? –деймін өзіме өзім. Ақылымнан алжасқан шығармын, мүмкін бұл түс пе екен? Түс еместігін сезсем де, соған өзімді сендіргім келеді. Бұны анықтаудың жолы – өзімді шымшылап көрейін деген бір оғаш ой келді. Содан қолымды саныма апарып бұрап кеп жіберейін. О тоба, қолым аяғыма ілікпейді. Бейне аяғым жоғалып кеткендей. Сұмдық. Қолымды саныма тағы да апарып, шымшылап жатырмын. Алла сақтасын, жұдырығым аяғыма еніп жоқ болып кетті.Мен кіммін, бұл не сұмдық? –деймін шошынып. Сол-ақ екен аяғым аспаннан келіп шалқамнан құлап түстім. Құладым дегенім бекер, көкке көтеріліп, керуеттің үстінде қалықтай келе ұйықтап жатқан денеме қайта қосылдым.
Сөйтіп мен өз денемде есімді жидым. Жіңішке вагон сияқты жарық бөлме жоқ, кәдімгі інім екеуміз ұйықтайтын кішкентай бөлмеде жатырмын. Мұның не екендігін ұқпай, есеңгіреп біраз жаттым. Қорыққанға қос көрінеді деген, түсім шығар деп жұбаттым өзімді. Содан таң алдында ғана көзім әзер ілінді.
Дегенмен, бұл оқиғаны мен ешкімге айтқаным жоқ. Оған өзге түгілі, өзім де онша сенбеген едім. Құдай жоқ, адам маймылдан жаратылған дегенді жоғары сынып балаларынан естігенім бар. Биология пәнінде адамның қалай пайда болғанын тәптіштеп түсіндіреді екен.
Жүз қаралы үйі бар шағын ауылымызда намаз оқитын жалғыз Қосымбек шал-тын. Ол кісі сонау сәбет заманынан намаз оқып, ораза ұстап келеді. Ал басқалар Алланы ауызға да алмайды. Оны айтасың, шалдардың көбі арақ ішеді. Сондай ауылда өскен құдайға сенбейтін материалистердің бірі мына менмін. Денемнен шығып кеттім, ұйықтап жатқан өзімді сыртымнан көрдім десем, жұрттың мазағына ұшырарым анық. Онан да «аш пәледен қаш пәле» деп үнсіз жүргенім жақсы болар дедім.
Емі жоқ дерт
Көп ұзамай қорқынышты түнді мүлде ұмыттым. Оны түс екен дегенге жорып, енді қайталанбайды деп жүргенмін. Содан сәуір айының бір жылы кешінде әлгі пәле тағы да қайталады.Түн ортасынан ауған шақ қой деймін. Ұйқымнан оянып кеттім. Көзімді жұмып қалғып жатырмын. Бір кезде тағы да денемнен бөлініп шығып кеттім. Қалай шыққанымды өзім де білмеймін. Сол баяғы вагонға ұқсайтын ұзын жіңішке жарық бөлме. Өткендегі жағдай айна қатесіз тағы да қайталанды.Дегенмен, өткендегіден аздап тәжірибе алғандаймын ба, бұл жолы онша шошына қоймадым. Жан-жағыма қарап, өзімше зерттемек болдым. Бөлменің шектен тыс созылып, ұзарып кеткені болмаса, барлық зат орнында сияқты.Содан есікке қарай беттедім. Қызығы сол, екі аттап жететін есікке жеткенше біраз жүрдім. Қолымды тұтқаға апарғаным сол еді, ол зу етіп кедергісіз есіктің арғы жағына өте шықты. Екі қолыммен есікті итеремін дегенде екпініммен дәлізден бір-ақ шықтым. Есік маған кедергі болмады. Денем сәулеге айналып кеткен секілді.Бойымды белгісіз бір құмарлық биледі. Өмір бойы көріп, түйсініп келе жатқан түсінігіме симайтын таңғажайып жайды өзімше зерттеп, зерделегім келді. Дәлізден еш кедергісіз көкем мен апам, кіші інім және қарындасым жатқан бөлмеге қарай өттім. Олар да тып-тыныш ұйқыда жатыр. Бөлменің іші жап-жарық. Асүй атап кеткен бұл бөлме тік төртбұрышты кеңдеу болатын. Осы бөлме енді о шеті мен бұ шетіне көз жетпестей далиып, үлкейіп кетіпті.
Мен енді сыртқа шыққым келді. Дала қараңғы ғой деген қорқынышты ой келгенімен, байқап көрсем қайтеді деген құмарлық еріксіз алға жетелей берді. Есіктен емес, мен енді тікелей қабырғаны көктей өттім. О тоба, қабырға маған еш кедергі болмай, арғы жағына зу етіп өте шыққанымды сезбей қалдым. Дала сүттей ұйыған жарық екен. Айнала тылсым тыныштық құшағында. Құлаққа ұрған танадай жым-жырт.Аң-таң болып аңтарылып біраз тұрдым. Күндіз бе, түн бе? Аспанға қарсам ай да, жұлдыз да зым-зия. Жерде ештеңе өзгермеген. Тек үйлер мен ағаштардың көлемі әдеттегіден үлкейіп зорайып кетіпті. Көше бойлап ақырын аяңдап жүріп келемін. Жүріп келемін дегенім болмаса, табанымның жерге тигенін сезбеймін
Сұмдығы сол, үстімде труси-майкадан басқа лыпам жоқ. Көктем десе де, қыстың ызғары әлі сақталған кез. Бірақ неге екені белгісіз суықты еш сезінбедім. Жалаңаяқтығым да, ішкиіммен жүргенім де ерсі көрінбейтіндей.
Мен ауылды кезіп біраз жүрдім. Айналам алақанға салғандай жарық болғасын ба, қорқынышқа бой алдыра қоймадым. Кенет біздің көшенің бойындағы Серікбайдың қорасынан есектің ақырған даусы естілді. Оның үлкен сұр есегі бар-тын. Түнгі тыныштықты бұзып үзіп-үзіп ақырады.
Мен өзімнің әдеттен тыс қалпыма аздап етім үйрене бастағандай. Белгісіз бір бостандықты, еркіндікті сезінемін. Бір сыныпта оқитын Жақан деген баланың үйінің жанына келіп тоқтадым. Ішке кіріп, көрсем қайтеді деген бір оғаштау ой келді. Содан еш кедергісіз бөлменің қабырғасынан көктей өтіп ішке кірдім. Үйдің іші самаладай жап-жарық екен.
Ауызғы бөлмеде көкесі мен апасы және кіші қарындасы ұйықтап жатыр. Жақан ағасы екеуі төргі бөлмеде жатыр екен. Ағасы диванда, өзі еденде. Үстіне жамылған қоңыр көрпесін бүркеніп алыпты.
Мен үйге оралдым. Қанша уақыт өткенін білмеймін. Төсегімнің жанына келіп, ұйықтап жатқан өзіме қарап біраз тұрдым. Оятқым келіп, иығынан жұлқып байқап көріп едім, онымнан ештеңе шықпады. Қолым денеге тимей, бос кеңістікті қармады. Содан төсекке қисайдым. Шынын айтқанда төсекке емес, керуетте жатқан өзімнің үстіме қисайдым. Құданың құдыретімен, жатқаным сол екен, денеме еніп, тәніммен қайта қосылып кеттім.
Мен тән емеспін
Осы оқиғадан кейін өмірге деген көзқарасым біршама өзгере бастады. Бұрын бәрі алақанға салғандай айқын сияқты еді. Мен де өзімді өзгелер сияқты тәнмін деп ойлайтынмын. Тәнім төсегімде жатқанда өзімнің ауыл кезіп қыдырып кеткен жағдайымды ойлап, мен тән емес екенмін-ау деген бір оғаштау ойға берілдім.
Қатарластарымның бәрінің түсінігі маған бесенеден белгілі. Сондықтан басымнан кешкен жай туралы тіс жарып ешкімге ештеңе айтқаным жоқ. Алғашқы жолғыдай емес, екінші рет тәнімнен шыққанда мұның түс емес екендігіне көзім анық жеткен. Бірақ неге тәнімнен шықтым және бұндай жағдай тағы да қайталануы мүмкін бе? деген сауалға жауап таба алмадым.
өткенде таң алдында ұйқылы-ояу жатып тағы да тәнімнен бөлініп шықтым. Дегенмен, бұл жолы оған еш шошынғаным жоқ. Енді мен бұның қандай құбылыс екендігін аздап түйсініп, тіпті, тәніме қайта кіру әдісін де біліп алған едім. Бұл жолы да көше кезіп, ауылдың түнгі көрінісін көріп тамашалап біраз жүрдім.
Осылай арада екі жылдай уақыт өтті. Екі-үш айда бір рет қайталанатын құбылысқа етім өліп үйреніп кеткенім сонша, ол маған әдеттегі құбылыс сияқты сезіле бастаған. Өзімнің тән емес, басқа нәрсе екендігімді аздап түйсінгеніммен, бұл қасиет мінез-құлқыма оншалықты өзгеріс әкеле қоймады.
Мен оныншы сыныпта оқып жүрмін. Қатарластарым сияқты жоғары оқу орнына түсіп, үлкен бастық немесе бай бизнесмен боламын деп армандамаймын. Өйткені оқуым орташа. Шамам өзіме белгілі. Ауылда қазір жұмыс та жоқ. Не істеймін? Шынын айтқанда, ол жайында көп бас қатырып ойлана қойғаным жоқ.
Ақпан айы. Қыс аяқталып келеді. Менің өмірімде біраз өзгеріс болды. Ол не дейсіз бе? Баяғы дерт асқынып, әбден күшейіп алды. Енді тәнімнен аптасына бір-екі рет, тіпті күн аралатып шығатын күйге жеттім. Бұның себебін түсіне алмасам да, ақырындап бұл жағдайға бойым үйреніп, көндіге бастадым.
Тағы бір жаңалық – әруақ-елеспен кездестім. Иә, кәдімгі шетелдік қорқынышты кинолардағыдай елес. Оны жұрт «призрак» деп атап, айналасындағылар зәрелері ұшып қорқып жүрмейтін бе еді. Міне, сондай әруақ-елес біздің ауылда да бар екен. Түнде тәнімнен шыққан кезде ауыл аралайтын әдетім барлығын жоғарыда айтқан едім ғой. Кейін келе ауылдан ұзаңқырап, ауылдың маңайын да кезетін болып алғанмын.
Қыс болса да, ішкиіммен жалаңаяқ, жалаңбас жүретін мен суық дегенді мүлдем сезінбеймін. Біреу мына қалпымды көріп, күледі-ау деп те ойламаймын. Өйткені, тәнімнен шыққан мені ешкім де көре алмайды. Кәдімгі кинодағы «человек невидимка» дегеннің нағыз өзімін.
Айтпақшы, мен тек жаяу жүрмей, ертегідегі желаяқ сияқты аннан-мұннан бір аттап жүгіріп, тіпті көкке көтеріліп ұша да аламын. Елес-тән мақтадай жеп-жеңіл. Рахат. Көзді ашып-жұмғанша қалаған жеріңе жетіп барасың. Бірақ қорқақтаңқырап онша алысқа ұзай қоймаймын. Ауылдың маңайын ғана шолимын.
Бірде ауылдан бес-алты шақырымдай жердегі ескі қыстауға тап болдым. Кез-келген кедергіден көктей өтіп, оқтай зулайтын, тіпті көкке көтеріліп ұшатын елес-тәнім болғасын ба, анау-мынаудан қорқуды қойғанмын. Кенет әлгі қыстаудан шыққан сақал-шашы өскен, жүдеу жүзді орта жастағы біреу маған бассалсын.
Бірақ елес-тәнімді ұстай алмай ауа қармап, сонда да ызалы жүзбен маған тап-тап береді. Алғашында қатты шошып қалған мен елес-тәніме ештеңе жасай алмасын білгесін батылданайын дедім. «Кімсіз, қайдан жүрген адамсыз?» деймін әлгіге.
-Өзің кімсің? –деді ол маған ежірейе қарап.
-Бостанмын.
-Бостаның кім, Аққайнардансың ба?
-Иә.
-Кімнің баласысың?
-Шәймерденнің.
-Көсе Шәймерден бе?
-Иә.
-Сені танымайды екенмін. Мен қайтқанда дүниеге келмеген де шығарсың.
-Қайтқаны несі? –дедім таңырқап.
-Өлгенде деймін. Мені не, тірі адам деп ойлап тұрмысың?
-А, а… –дедім жөпелдеме ештеңе айта алмай күрмеліп.
-Иә, мен әлдеқашан өлген адаммын. Молам анау қырдың басында.
-Неге? Қорымға неге қоймаған?
-Мен ажалымнан өлгенім жоқ, асылып қалдым ғой.
-А, а…
-Солай бауырым. Ал өзің кімсің? Сен де әруақпысың?
-Жоқ.
-Қалай әруақ емессің, тәнің қайда?
-Үйде.
-А, а… –енді таңырқау кезегі оған келгендей маған аңыра қарады. -Не айтып тұрсың?. Сенің әруақ екенің көрініп тұр ғой. -Жоқ, мен әруақ емеспін. Тәнім үйде ұйықтап жатыр. Өзім осындамын.
Кенет ол маған тесірейе қарап, кіндігімнің астындағы жіңішке ақ жолаққа көзі түсті. Мен бұрын байқамаған екенмін, кіндігімнің астында жіңішке машина жіптің жуандығындай ақ жолақ бар екен. Мені сол жарық жіп тәніммен байланыстырып тұратын секілді. -Иә, сен шынында тәніңмен байланысқан сияқтысың. Қызық екен, мұндайды бірінші рет көріп тұрмын, -деді ол өз-өзімен сөйлескендей күбірлеп. -Тәніңнен қалай шығасың? –деді сосын таңырқап.
Мен басымнан кешкен жайды түгел баяндап бердім. Ол таң қалып, басын шайқады. Қызық нәрсе екен. Мен осы өмірімде талай сойқан жағдайларды көрдім, бірақ дәл мынадай оқиғаны естіген де, көрген де емеспін. -Сіз мұндай күйге қалай тап болдыңыз? –дедім бір кезде. -Бәрі жастықтың желігі ғой. Бір қызға ғашық болдым. Ол маған қарамай, басқа жігітке шықты. Соған ерегісіп, асылып қалдым. Өзіне қол салған деп мені сол кездегі ауылдағы ақсақалдар қырдың басына апарып жеке қойғызды. Содан осындай әруаққа айналдым. Алғашында ауылды кезіп, жұрттың арасында болдым. Бірақ кейін келе адамдардан жеріндім. Қазір мынау қыстауды мекен етемін.
Оның есімі Есберген екен. Серік табылып, қауқылдасып екеуміз арқа-жарқа болып қуанысып қалдық. Менің кіндігімнің астындағы ақ жолақ сым тәніммен байланыстырып тұрса керек. Ал Есбергенде ондай жолақ жоқ. Яғни, нағыз әруаққа айналған. -Қорымға жерленген адамдардың да әруағы бола ма? –деймін мен. -Жоқ. Оларды жерлегенде молда құран оқиды. Содан ба, қорымда жерленгендер мен сияқты дала кезбейді. Молаларында жатады.
Осы күннен кейін мен күнде Есбергенге барып, екеуміз таң атқанша әңгіме-дүкен құрып жүрдік. Мен туғаннан екі жыл бұрын – 1982 жылы дүниеден өткен Есберген содан бергі жылдарда әруақ болып ауылды кезіпті, көрмегені-білмегені жоқ екен. Айтып отырса, таусылмайтын жыр сияқты.
Аққайнардың көлеңкелі жақтары
-Жүр кеттік, мен саған бір қызық көрсетейін, -деді бірде Есберген. Содан екеуміз самғай ұшып ауылға жеттік. Ауылдың арғы жақ шетінде Боқан деген шал тұратын. Жалғыз ұлы сотталып, келіні және кішкентай немересімен бірге тұрып жатқан.
Үйдің қабырғасы елес-әруаққа кедергі болып па, екеуміз қабырғаны көктей өтіп үйге ендік. Пеш жағылатын ас бөлмеде кішкентай баласымен келіншек жатыр. Шал төргі бөлмеде еденге салынған төсекте ұйқы құшағында.
Мұнда неге келгенімізді білмей аң-таңмын. Шынын айтқанда біраз үйлерге өзім де кіріп көріп жүрмін. Таңғалатын ештеңе жоқ. Ұйықтап жатқан адамдарға қараған да қызық болып па?
-Мұнда не бар? –деймін Есбергенге қарап.
-Тс…с –деп ол ерніне саусағын апарып даусыңды шығарма дегендей.
-Ау, бізді болсын-болмасын ешкім де естімейді. Тіпті, бар даусыңмен айқайласаң да ешкімнің құлағына кірмейді ғой, -дедім мен таңырқап.
-Жә, дәңгірлеме, -деді ол. –Кішкене күт. Сосын көресің қызықты.
Біз бір сағаттай отырдық-ау деймін. Шынын айтқанда, елес-тәнмен жүргенде уақыттың қалай өткені онша сезіле қоймайды. Бір кезде төргі бөлмеде жатқан шал оянып, қақырынып-түкірініп далаға шықты. Әжетханаға бармай, есік алдында дәрет алған ол бөлмесіне емес, келіні жатқан асүйге кірді.
Ол ұйқы құшағында жатқан келінін иығынан тартып жұлқылап жатыр. Оянған келін басын көтеріп үн-түнсіз шалдың соңынан ерді. Екеуі төргі бөлмеге кіріп, төсекке қисайды. Шал әй-шай жоқ бірден келінінің үстіне қона кетіп, сәлден соң құнжаңдап еркектік шаруасына кірісті.
Болат деген сыныптас баланың үйіндегі видеодан көргендерім болмаса, ер адам мен әйелдің төсек жақындығын өмірі көрмеген басым аузым ашылып аңырайып қарап қалыппын. Түн қараңғы болғанымен, елес-тән үшін үйдің іші де, дала да сүттей ұйыған жарық.
Ырсылға басқан шалдың екпінді қимылына сәлден кейін келіншектің аянышты ыңқылы қосылды. Көздерін тарс жұмып, екі қолын екі жағына жая шалқасынан жатқан келіншек бар дүниені ұмытқандай рахатқа батып, баяу ғана ыңырсиды.
Шаруасын бітірген шал бір кезде келіннің үстінен түсіп, шалқасынан жатты. Көрпесі ашылыңқырап қалған келіншектің жалаңаш сандары жарқырап көрініп жатыр. Келіншек орнынан тұруға асықпайтын сиықты.
Орныңа бар, ана бала оянып кетіп жүрер, -деді бір кезде шал. Келіншек орнынан сүйретіле тұрып, асүйге кетті.
-Қалай? –деді Есберген маған қарап.
-Сұмдық екен, -дедім мен. Туған келінімен қалай мұндай ұятсыздық жасайды. Өзі болса, сексенге келген шал.
-Онда тұрған не бар? Сексенге келсе де шалың мығым. Көрдің бе қимылын.
-Көптен бері осылай жасай ма? –дедім бір кезде.
-Мен білгелі екі жылдай болды ғой деймін.
Шалдың баласының аты Мұхтар. Ол ел ішінде рэкет аталып жүрген адамдарды бопсалап ақша алатындармен қосылып, біраз дүниені бүлдірген екен. Содан ақыры қолға түсіп, он жылға сотталып тынды. Кішкентай бір ұлдары бар-тын. Менің білуімше, балалары биыл мектепке барған болуы керек.
Шалдың үш қыз, бір ұлы бар. Қыздары тұрмысқа шығып кеткен. Біреуі осы ауылда тұрады. Ұлының жасы менің білуімше, 32-35-тің шамасында. Ал келіншегінің жасы көп болса отыздарда шығар. Сексендегі шалдың отыздағы келіншекпен жақындасуы ақылға сиымсыз шаруа сияқты...
Жалғасы бар...