el24.kz Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінде жұмыс істейтін мамандарға арналған жаңа бос орындар жарияланды. Қалалық көлік қызметін ұйымдастыратын CTS компаниясы қазіргі таңда түрлі техникалық және өндірістік бағыттағы қызметкерлерді іздеп жатыр.

Мекеменің хабарлауынша, бос жұмыс орындары 11 түрлі мамандық бойынша ашылған. Олардың қатарында слесарьлар, электромонтерлар, әртүрлі шеберлер мен диспетчерлер бар.

Қанша қызметкер қажет екені нақты айтылмағанымен, компания бұл бағыттағы кадр тапшылығын біртіндеп толтыруды көздеп отыр.

«LRT жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін білікті техникалық мамандар қажет. Сол себепті қазір бірнеше бағыт бойынша кадр іріктеу жүріп жатыр», – делінген CTS компаниясының хабарламасында.

Айта кетейік, Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесін іске қосуға дайындық жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізіліп келеді. Жобаны толық пайдаланысқа беру алдында техникалық қызмет көрсететін және басқару саласындағы кадрларды даярлау ерекше маңызға ие.