el24.kz  Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің төбесіне көлігін шығарып, дрифт жасаған азамат әкімшілік тәртіппен қамауға алынды.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін құқық қорғау органдары азаматты дереу анықтап, жауапкершілікке тартты.

Полиция мәліметінше, жүргізуші қымбат маркалы көлігін арнайы пандус арқылы тұрғын үйдің шатырына шығарып, қауіпті маневрлер жасаған. Оның әрекеті тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Оқиғаға қатысты тексеру жүргізілгеннен кейін азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті баптары бойынша шара қолданылды. Сот шешімімен ол қамауға алынды.

Құзырлы орган өкілдері мұндай әрекеттердің заңға қайшы екенін, әсіресе тұрғындардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіретін қылықтар қатаң жазаланатынын ескертті. Сонымен қатар, құқық қорғаушылар әлеуметтік желіге жарияланған кез келген заңсыз әрекет бақылаусыз қалмайтынын және міндетті түрде тексерілетінін мәлімдеді.