Мен кезінде сіздер сияқты журналистердің ортасында жұмыс істедім, яғни бір басылымда бас бухгалтер қызметін атқардым. Ол газет қазір жоқ. Мен Мираспен сонда таныстым.
...Өзім жайлы айта кетсем, екі бірдей институт тәмамдаған едім. Ата-анам ұл-қыздарының білімді болуларын қалады. Соған бар күштерін салды. Үміттерін ақтадым, екеуін де қызыл дипломмен бітірдім. Бірақ тұйықтау болғандықтан ба, қатардағы бухгалтер мамандығынан аса алмадым. Бірақ, мақтанғаным емес, ұжымның бетке ұстар қызметкерімін. Ол – шындық. Өзім – алматылықпын. Қазақша оқыдым. Ауылдың баласына тұрмысқа шыққан едім.
Мен оны институтта кездестірдім. Екі жыл араласып жүріп, үйлендік. Алайда дәм-тұзымыз жараспады. Екі қызымды алып, төркініме қайтып келдім. Мен оны сөкпеймін. Бірақ қалған өмірімді онымен өткізгім келмейтінін түсіндім. Ажырасқаныма өкінбеймін. Осы уақытқа дейін екі қызымды өзім асырап, өзім жеткізіп келемін. Одан бір тиын да алған емеспін. Көмектескісі келіп тұрған ол да жоқ. Қазір екінші рет үйленген. Естуімше екі ұлдары бар. Үлкен қызым Астанада, Назарбаев университетінде оқиды. Екінші қызым әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқып жүр. Қыздарым – менің мақтаныштарым. Жасым қазір 45-те.
Енді Мирасқа қайтып оралсам. Мираспен пен 1997 жылдары таныстым. Газеттің бас редакторының досы еді. Бастыққа келіп жүріп, мені ұнатып қалыпты. Ал мен сол жылы күйеуіммен ажырасып, «еркек атаулыдан бойымды аулақ ұстармын» деп серт қойған едім өзіме.
Мирас айтқанынан қайтпайтын жігіт. Бірнеше ай соңымнан еріп жүріп ақыры «сындырды». Өзі актер Бауыржан Ибрагимовке қатты ұқсайды. «Соның інісімін» дегенде оған сеніп қалдым. Сол жылдары «Бауыржан-шоу» театры дүрілдеп тұрған кез. «Бауыржанның інісімін» дегені шынымды айтсам, қызықтырды. Әрине бір пайдасы тиер деп емес, әйтпесе өзімнің де жағдайым жақсы болған. Әке-шешем бақуатты адамдар еді. Тек сол театрды қызықтап көруші едім. «Мен сені ағаммен таныстырамын» дегенде тіптен есім шығып кетті. Кейін ғой, «мен әзілдегенмін, соған сеніп қалдың ба?» деп күледі. Сонымен не керек, мен де ұнатып қалдым.
Міне, содан бері 17 жыл өтті, екеуміз әлі кездесіп жүрміз. Иә, тек кездесіп, өйткені оның отбасы бар. Менімен танысқанда-ақ оның басының бос еместігін білдім. Қанша өзімді тізгіндеуге тырыстым, бірақ үйдің ауласына келіп, сағаттап кетпей қоятын. Өстіп жүріп бауыр басып қалыппыз бір-бірімізге. Осыдан он жыл бұрын одан қыз тудым. Аборт жасатайын деп едім, келіспей қойды. «Менің балам, өзім асыраймын. Өлтірме баламды» деп қатты ренжіді. Мирас сөзінде тұрды. Қызына бәрін үйіп-төгіп тастайды. Тіпті менің үлкен екі қызымды да өз балаларындай көреді. «Сегіз балам бар» дейді әзілдеп. Өйткені оның әйелімен екеуінде бес баласы бар.
Мен оны жақсы көремін. Қатты. Адам ретінде де, еркек ретінде де. Әрине бар мәселе төсекте емес қой. Кейде жай ғана келіп кетеді. Соның өзіне мәз боламын. Зарыға күтемін үнемі. Өмірім соны күтумен өтіп бара жатқан сияқты. Соңғы кездері оны әйелінен қызғанатынды шығардым. «Әйелімді жақсы көрмеймін, сыйлаймын. Жылатып қалай тастап кетемін? Түсінші» дейді. «Сонда мен ше?» деймін. «Оның көз жасын көргің келмейді, ал менің жылап жүргенім жаныңа батпай ма?» десем, ойланып отырып, «жарайды біраз уақыт бер. Бәрін айтып, түсіндерермін. Ажырасуға келісетін шығар» деумен міне, 15 жылдай уақыт өтіп кетті. Кейде «мүлде маған келме» деп жүрегіме «кілт» салып тастағанымды қайтейін, сағыныштан сарғайып, екеуміз екі жақта құса боламыз. Жүрекке әмір жүрмейді екен. Жылап көрісеміз. Енді ұрсыспайық деп бір-бірімізге уәде береміз. Бірақ осылай қашанғы жалғаспақ? Шынымды айтсам шаршадым. Әрине, «келеді-кетеді. Онда не тұр?» деп ойлайсың. Бірақ ол менікі ғана болса екен деймін. Тығылып келіп, тығылып кетіп, менің де, өзінің де жүйкесі жұқарды, білемін.
Түнде оның әйелінің қасында жатқанын ойласам, ішім алай-дүлей болады. Осылай дөңбекшіп жатқан қанша түндер өтті менің өмірімде. Мирас екеуміз кездесіп жүрген кезден бері оның әйелі екі ұл, бір қыз туды. Қызғаныштан өртеніп кете жаздаймын.
Кейде қатты керек болғанда телефон соқсам, ол басып тастайды. Ол оның қасымда әйелім бар дегені. Ой бір жыным келеді. Кейін «жаным, ренжімеші» деп ақталған кезде, аяп кетемін. «Несіне қинаймын» деп, тез-ақ татуласып аламыз. Біздікі қазір тек бір-бірімізге деген ынтазарлық, яғин нәпсі емес. Екеуміз бір тұтас адамдай болып кеткенбіз. Ол менсіз, мен онсыз өмір сүре алмаймыз. Әйтеуір бір құдыретті күш бар, бірімізді бірімізге байлап қойған.
Әрине, қыздарымның орны бөлек. Олардың жақсы адам болып, білім алуларына бар жағдайды жасап келемін. Мектеп те, ЖОО-да да қыздарым «сорпаның майы, сүттің қаймағы». Солар үшін күн-түн демей жұмыс істеп, бар керектерін әперуге тырысамын. Олар менің өмірімнің мәні, сәні. Тәрбилеріне де барымды салып жүрмін.
Әкелері емес екенін білсе де, екі үлкен қызым Мирасты жақсы көреді. Үйге келсе, туған әкелері келгендей қуанады. Мирас үйде болғанда құдды бір береке-бірлігі жарасқан, тату-тәтті отбасы сияқтымыз. Бірақ бірер сағатқа ғана... Ол да, амалдың жоқтығынан қайтуға мәжбүр болады. Мені қимай кететінін ішім сезеді. Мен оның әйелінің, жазықсыз балаларының көз жасына қалғым келмейді. Балаларын шынымен ойлаймын.
Мирасты ұмыту үшін басқа еркектермен көңіл жарастырып көрмек те болдым. Онымнан түк шықпады. Таныстықтан аса алмайды екенмін.
Не істеуге болады? Тіпті білмеймін... Мендегі адал да, пәк сезім. Ал мұндай күшті сезімді адамның бойына Жаратқанның өзі береді емес пе? Бұл не қылған сынақ? Мирасты қолтықтап, еңсемді биік ұстап, жұрт алдында ашық жүретін күн ,бола ма екен ?
Қамар alashainasy.kz