el24.kz Павлодар облысы Тереңкөл ауданында болған қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. 26 жастағы ер адам өз үш жасар қызын өлтірді деген айыппен сот алдында жауап беруде.

Тергеу мәліметінше, оқиға 2025 жылдың қыркүйек айында болған. Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, қылмысқа күдіктінің әкелікке қатысты күмәні себеп болған.

Айыптау актісінде көрсетілгендей, балаға қатысты зорлық-зомбылық 2025 жылдың қаңтар айынан басталған. Прокурордың айтуынша, күдікті қызын бірнеше рет ұрып-соғып, тіпті кей кездері түні бойы шарфпен төсекке байлап қойған.

Қайғылы күні ер адам көршісінің моншасында ішімдік ішкен. Кейін қызын үйіне апарып, қайтадан соққыға жыққан. Одан соң баланы өзімен бірге қайтадан моншаға алып барған.

Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, шамамен сағат 22:00-де күдікті алкогольдік масаң күйде ашуға беріліп, қызын көтеріп алып, моншаның бетон еденіне әдейі лақтырған.

Ауыр жарақат алған бала ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Сараптама қорытындысы бойынша, өлімге бауырдың жарылуы мен ішкі қан кету себеп болған.

Қазіргі таңда күдіктіге азаптау және кісі өлтіру баптары бойынша айып тағылған. Егер кінәсі дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамай отыр. Іс сотта қаралуда.