el24.kz Атырау қаласында бір отбасының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды

Тергеу деректеріне сәйкес, отбасы мүшелері бір мезгілде қаза таппаған. Құзырлы органдар алғашқы және кейінгі қылмыстардың арасында бірнеше ай уақыт өткенін анықтаған.

Прокуратура мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев алдымен Наурыз Мұқанғалиевты мамыр айында өлтірген. Ал қалған үш отбасы мүшесі қараша айында қаза тапқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс үшінші тұлғалардың қатысуынсыз, жалғыз адам тарапынан жасалған. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы күдіктінің есі дұрыс екенін көрсетті. Демек, ол өз әрекеттері үшін толық жауап бере алады.

Прокурор көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, марқұмдардың денесінен ас үй пышағымен салынған көптеген кесіп-тесу жарақаттары табылған. Әрқайсысында кемінде алтыдан жарақат бар екені анықталған. Жарақаттар негізінен кеуде, мойын және өмірлік маңызды ағзаларға бағытталған.

Сонымен қатар, марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сараптаманың түпкілікті қорытындысы әлі жарияланған жоқ.

Қаза тапқандардың туыстары сот процесінің ашық әрі әділ өтуін талап етуде.

Алдын ала ақпарат бойынша, қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.