Осы бір қара адаммен «дос» болғаныма он жылдың жүзі болды.

Күндіз аса көп көріне бермейді. Қасымда адам болса, анандай жерде тұрады. Жақындамайды. Көзімнің қиығымен көріп отырамын. Ал ешкім жоқ болса, қасыма кеп алады. Ал түнде... айту да қорқынышты. Көзім ілінсе болды, үстіме мініп отырып алады да, буындырады. Содан тынысым тарылып, жан - дәрмен жанталасып жатамын.

"Қарудан қорқады" дегенге соңғы уақытта жастығымның астына пышақ қойып жататын болдым. Бастапқы күндері біраз тынышталып қалды да, ұйқым да жөнделе бастады. Бір күні аяғымды біреу тартып қалғандай болып, шошып ояндым. Қарасам, жастығымның астындағы пышақ дәл жүрек тұсымда ауада қалықтап тұр. Ешкім көрінбейді, бірақ жүрегіме нұсқалған пышақ сәл қозғалсам аямай осып түсердей. Қара терге түстім. Не айқайлай алмаймын, не кәлимамды қайтара алмаймын. Ұзақ арпалыстым.
    Таңда ұлым ертемен жұмысқа кететін. Тасырлап коридордың жарығын жаққанан кейін барып ақырындап, жылыстап жоқ болып кетті. Есімді әрең жинап, орнымнан тұра бергенім сол еді, аяқ астында жатқан пышақтың сабы мұздай болып тиіп, ойымды сергітіп жібергендей болды. Қанша уақыт арбалғанымды білмеймін.
   Үйдегілердің менен басқа ешқайсысына көрінбейді. Тек мен ғана көремін. Талай молдаларға ұшықтаттым. Пайдасын көрмедім. Сол маған ғана көрінетін адам кім болды екен? Мен үшін сол жұмбақ. Қиналып кеттім. Не істеймін? Сұлба болып көрінетін, қара шляпа киген, қап - қара шапан киген қап - қара адам кім болды екен?

Айсұлу Кеңесбай