фото tengrinews.kz

 el24.kz Атырау облысында Жангелдин ауылындағы бір отбасының бірнеше мүшесінің өліміне қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот отырысы өтіп жатыр. Іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда.

Сот барысында Атырау облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқып, айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған ауыр айыптардың мән-жайын баяндады.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстық оқиғалардың басталуына балалардың қай жерде тұратынына қатысты отбасылық дау себеп болған. Сұлтан Сәрсемалиев пен бұрынғы жұбайының ағасы Наурыз Мұқанғалиев арасында осы мәселеге байланысты келіспеушілік туындаған.

2025 жылғы 14 мамырда Наурыз Мұқанғалиев Атырауға келіп, Сәрсемалиевпен кездескен. Әуелі теміржол вокзалында сөйлескенімен, ортақ шешімге келе алмаған. Кейін Сәрсемалиев оны үйіне шақырған. Тергеу деректеріне сәйкес, үйде жанжал төбелеске ұласып, айыпталушы асүйден пышақ алып, Мұқанғалиевке бірнеше рет соққы жасаған. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмған.

Прокурордың мәліметінше, содан кейін Сәрсемалиев қылмыстың ізін жасыру үшін ауладан шұңқыр қазып, мәйітті кілемге орап көмген. Бұдан соң марқұмның жеке куәлігін, банк картасын, ұялы телефоны мен қолма-қол ақшасын иемденіп, оның атына мобильді қосымша арқылы 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген.

Сондай-ақ айыптау тарабының дерегінше, ол кейін WhatsApp арқылы марқұмның танысынан 350 мың теңге сұратып, бұл қаражатты да иемденген.

Тергеу материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қараша айында қылмыстық әрекеттер Жангелдин ауылында жалғасқан. Айыптау нұсқасы бойынша, Сәрсемалиев қайын жұртының үйіне барып, алдымен Нәсіп Өтешқалиеваға, кейін қайын атасы Мақсот Қарабалинге пышақпен шабуыл жасаған. Екеуі де ауыр жарақаттардан қаза тапқан. Прокурордың айтуынша, олардың мәйіттері де қора ішіне қазылған шұңқырға көмілген.

Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемалиевке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Екі немесе одан да көп адамды өлтіру») бойынша, сондай-ақ алаяқтық, ұрлық және банк карталарын заңсыз пайдалану баптарымен айып тағылған.

Қылмыстық іс ашық режимде қаралып жатыр. Процесті судья Зарема Хамидуллина жүргізуде. Бұған дейін қаза болғандардың туысы Ақбаян Мұқанғалиеваның қылмысқа қатысы жоқ екені хабарланған. Ал айыпталушының бес баласы мемлекет қамқорлығына алынған.