el24.kz Алматы облысында Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Бауыржан Қабдылданов өз әйелін көлікпен қағып өлтірді деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 мамыр күні таңғы сағат 05:04 шамасында Қонаев – Бақанас тасжолында, Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылы маңында болған.
Тергеу материалдары бойынша, қызметтік Hyundai Elantra көлігін басқарған полиция қызметкері жұбайымен бірге жолда келе жатқан. Жол үстінде ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, әйел адам көліктен түсіп қалған. Кейін ер адам біршама қашықтыққа барып, қайта кері бұрылған кезде әйелін көлікпен қағып кеткен деген күдік бар.
Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында көз жұмған. Оқиға орнына аудан прокуроры, оның орынбасары, кезекші прокурор және Алматы облысы полиция департаментінің жедел-тергеу тобы барған.
Қазіргі уақытта Бауыржан Қабдылданов уақытша ұстау изоляторына қамалып, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің жауапкершілігі мәселесіне қатысты қызу талқылауға себеп болды.
