Орал қаласында 25 жастағы бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты қызды зорлады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы жергілікті «Мой город» басылымына сілтеме жасап el24.kz хабарлады.

Басылымның мәліметінше, әлеуметтік желілерде Абай полиция бөлімінің қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр қылмыс жасады деген ақпарат тараған.

Алдын ала деректер бойынша, оқиға көршілердің пәтердегі шуға байланысты шағымынан кейін болған. Полиция қызметкері аталған мекенжайға тексеру жүргізу үшін барған. Айтылған мәліметке сәйкес, қылмыс сол жерде жасалған.

Орал қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі бұл деректі растады. Қадағалау органының мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Сонымен қатар ол ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылған.

Полиция департаменті өз қатарында заң мен тәртіптің сақталуына ерекше мән берілетінін атап өтті. Ведомство мұндай құқық бұзушылықтарға мүлдем төзімсіздік танытылатынын және кінәлілерге қатысты заң аясында қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта іс бойынша барлық мән-жай анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмеді.