el24.kz 2023 жылдан бері қолданыста жүрген «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң мыңдаған қазақстандыққа қарыз жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді.

Бұл туралы Сенат отырысында Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева мәлімдеді.

Ресми деректерге сәйкес, заң күшіне енгеннен бері елімізде 66 397 азамат банкрот деп танылған. Соның ішінде мемлекеттік кірістер органдары арқылы 65 765 азаматтың 134,8 млрд теңге көлеміндегі қарызы есептен шығарылған.

Ал сот тәртібімен 632 азамат банкрот деп танылып, олардың 115 млрд теңге берешегі жойылған. Осылайша, жалпы алғанда шамамен 250 млрд теңге қарыз есептен шығарылды.

Сонымен қатар 1 118 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданған. Бұл рәсім борышкерлерге қарыздарын белгілі бір кесте бойынша өтеуге және қаржылық жағдайын реттеуге мүмкіндік береді.

Меруерт Сисембаеваның айтуынша, заң қабылданғаннан бері бірнеше рет жетілдірілген. Соңғы өзгерістердің нәтижесінде банкроттық рәсімдерін қолдану тәртібі жеңілдетіліп, кейбір талаптар алынып тасталды. Сондай-ақ өтініш беру процесі оңтайландырылып, жекелеген санаттар үшін рәсім мерзімі қысқартылған.

Сонымен бірге бірқатар мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Атап айтқанда, кей азаматтардың иелігінде құны өте төмен ETN бағалы қағаздарының болуы олардың банкроттық рәсімінен өтуіне кедергі келтіреді. Көп жағдайда адамдар мұндай активтердің бар екенін білмейді.

Бұдан бөлек, қаржы ұйымдарының заң талаптарын бұзған жағдайдағы жауапкершілігі нақты айқындалмаған. Сондай-ақ кей банктер мен қаржы ұйымдары мемлекеттік органдардың шешімдеріне жиі шағымданып, қосымша тексерістер жүргізуді талап етеді.

Сарапшылардың пікірінше, банкроттық туралы заң азаматтарға қарыздан құтылуға нақты мүмкіндік бергенімен, оны одан әрі жетілдіру және қаржы секторымен өзара жұмысты күшейту маңызды болып қала береді.