Ол келіншек менің көңілдесіме айналады деп ешқашан ойламап едім. Бірақ солай болып шықты.
Жайна алғаш біздің жұмысқа орналасқанда қандай сыпайы, қандай инабатты келіншек еді. Бетінен иман төгіліп тұратын. Сондай әдемі, сондай сымбатты еді.
Еркек біткен «шіркін-ай, әйеліміз осындай көрікті, осындай инабатты болса», деп ойлаушы едік. Үстіне қазіргідей тыртитып джинсы емес, әдемі ұзын көйлек киетін. Онысы тал бойына жарасып тұрушы еді.
Қазір ше? Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайын.
Сырттай ғашық едім
Жайнаны өзге еркектер секілді мен де сырттай ұнатып қалдым. Дәлізде кездесіп қалғанда жай амандасып, ақырын көзбен ұзатып салушы едім. Көрікті келіншектің түп-түзу, жұп-жұмыр аяғы, екі жаққа ойната тастайтын бөксесі еркекті өзіне тартпай тұрмайтын. Ал амандасқан кезде мөлдірей қарайтын нәркес көздері кез-келген адамның есін шығаратын. Сөйтіп, сырттай «ғашық» болып жүргенде арада бір жылдай уақыт өтті.
Жұмыстағы еркектер «анау-мынау» дегенімен, ешкімнің батылы барып онымен жақындаса алған жоқ. Шындығына келсек, Жайна ұжымдағы азаматтармен сыйласқаны болмаса, ешқайсының тым «жақындауына» жол берген жоқ.
Бірде кешкілік жұмыс алдындағы көлігімді оталдырып, жылжып бара жатыр едім, аялдамаға қарай аяңдап бара жатқан Жайнаны көрдім. Жанына қатарласа бере, «Жайна отыр, жеткізіп салайын», дедім. Ол қарсылық танытқан жоқ. Отырды.
Сол күннен бастап екеуміздің ортамызда бір жақындық орнады. Жұмыстан жиі бірге қайтатын болдық. Үйіне жақындамай алыстан тастап кетемін.
«Күйеуім қызғаншақ. Көрінген нәрсеге бола жанжал шығарады», деді бірде мұңайып.
«Әйеліміз сен секілді сұлу, сымбатты болса, біз де қызғанар едік», дедім.
Арада тағы жарты жыл өтті. Бірде Жайна жұмысқа бір айдай келмей қалды. Ақырын сұрастырсам, «ауырып, ауруханаға түсіпті» десті. Өзіне тікелей телефон шалмадым. Өйткені жанында күйеуі болса, басын дауға қалдырмайын дедім. Ақыры Жайна жұмысқа шықты. «Ала кетейін», дедім, ішкі телефонына хабарласып. Ол қарсы болмады. Бірге қайттық. Жолда ол үйде болған жағдайды ақтарып салды. Күйеуі «учасковый мент» еді. Сол өз территориясында орналасқан бір саунадағы меңгеруші келіншекпен ойнас болып шығыпты. Жайна күйеуінің телефонын ақтарып отырып (шамасы, күйеуі өшіруді ұмытып кетсе керек) әлгі келіншекпен саунада құшақтасып жалаңаш түскен суреттерін, ол келіншектің мұның күйеуіне жазған хабарларын көріпті. Жанжал содан шыққан. Үйде төбелес болып, күйеуі Жайнаны балаларының көзінше көк-ала қойдай қылып сабапты. Ауруханаға түскені содан екен.
Сол кезден бастап Жайна өзгерді
Қасы мен кірпігін сүрмелеп, фигурасын көрсетіп тап-тар джинсы киетін болды. Бірде «аға бізге бірнеше шөлмек сыра әкеп бересіз бе», демесі бар ма? Жайнанаға «отказ» беру қайда? Жүгіріп кеттім. Сөйтсем, бірге отыратын үш қыз ара-тұра жиналып, сыра, шарап іше бастапты. Кабинетте бірге отыратын екі қыздың бірі байынан ажырасқан, екіншісі жасы келсе де, байға шыға алмай жүрген біреу еді. Олар оңашада не айтқанын кім білсін, Жайна солардың айтқанымен жүре бастаған секілді. Шамасы, «байың қыдырса, сен де қыдыр. Жассың, өстіп жүргенде уақыт өтіп кетеді. Жүріп, қыдырып қал», демей ме екен.
Жайна бұрын ұжымда болатын отырыстарға келмейтін. Келе қалса, кішкентай қызын ертіп келіп, ерте қайтып кетуші еді. Қазір өзгерді. Отырыстардан қалмайды. Ортаға шығып биді де төгіп жібереді.
Сондай бір сыра ішіп қызған күні бірге қайттық. Қыстың күні еді. Қас қарайып кеткен. Оны-мұны айтып келе жатып, бір қалтарысқа тоқтадым. Ол үндемеді. «Өзің сезіп жүрген шығарсың. Сен маған қатты ұнайсың», деп оны қолынан ұстап өзіме тартым. Күштеп құшақтап, өзіме тартып едім, көзін жұмып, ернін тоса берді… Ар жағы түсінікті.
Араға апта салмай, пәтер жалдап Жайнаны соған ертіп апардым. «Күйеуімнің көзіне шөп саламын деп ешқашан ойламап едім. Өткендегі жағдай қатты әсер етті. Қазір күйеуіммен бірге тұрғаныммен, оған деген сезімім суып кеткен. Ол қанша кешірім сұрап, төсекте аймаласа да, оған деген сезім жоқ. Ол мен үшін бөтен адам секілді», деді менімен құшақтасып жатып.
Тағы бірде: «күйеуімнен алмаған ләззатты сізден алдым. Еркекпен жақындасудың мұндай керемет екенін бұрын сезбеппін» деп, шынын жайып салды.
Ақыры Жайна екеуіміз көңілдес болып тындық
Жұмыста ешкімге білдірмеу үшін алыстан амандасқанымызбен, қайтарда машина ішінде құшақтаса кетеміз. Бұл қаншаға созылады? Білмеймін.
Жайна екеуіміздің оңашада кездесіп жүргенімізді байқап қалған кейбір жігіттер: «байқашы, қызғаншақ күйеуі бір күні аңдып жүріп атып кетпесін», деп қорқытып қояды. Ондайда расында шошып қаламын. Бірақ «Жаным, саған ешқандай еркек жетпейді», деп көліктің артқы орындығында отырып, өзі құшақтап, мені шешіндіре бастағанда бәрін ұмытып кетемін.
Жалпы, Жайна екеуіміздің арамыздағы осы қатынас оған деген махаббат па, әлде жай ғана құмарлық сезім бе? Соны түсіне алмай жүрмін. Ал, Жайна «екеуі де бар» дейді….
Аян Мырзабек