Енем таң атқаннан кеш қарайғанға дейін инстаграмның құлы, одан қала берді бірі үш, бірі үш жарым сағатқа созылатын «Қалауым» бағдарламасы. Көгілдір экранға қадалып қалғандай. Баласы мен немересінде мүлде шаруасы жоқ. Бір көмегін көрмейміз. Әбден қажытты…
Қара шаңырақтың келіні болуды қалайтын жанның бірі – мен едім. Жасым – 23-те. Бір ұлым бар, бұйырса жарты жылдан кейін екіншісі дүниеге келеді. Жүкті болсам да жұмыс істеп, өз нәпақамды табуға тура келіп жүр. Себебі жолдасым жұмыстан қысқарылып, үш айдан бері құр босқа үйде отыр. Бұрынғы басшысына өкпесі қара қазандай, жұмыс іздегісі де, істегісі де келмейді.
Жауапкершіліктен қашу ма, әлде расымен де бала секілді әр қиындықта анасының етегіне жармаса ма, әйтеуір, «әлі де ашулымын, жұмыс жасауға зауқым жоқ» деп енемнің қасында еркелеп отыр. Енем болса, өз әлемімен әлек. Отбасының шырқы бұзылмауын ойламайды, басу айту да жоқ. Әже болып «немеремді маған бер, мен ұйықтатып берейін» деп бала қарап, аз да болса, көмек қолын созуды немесе жұмыстан келгенде бір күн болсын кешкі астың қамын жасауды білмейді. Оны қойшы, екі жасар немересінің де тамағын бермейді, барлығы жұмыстан шаршап-шалдығып келген бір маған артылады. Оның үстіне аяғымның ауыр екені де жасырын емес.
Енемді түсіне алмай-ақ қойдым, жүкті болған соң мінезім құбылмалы ма, әлде расымен де ызама тиеді ме, білмеймін. Бірақ енемнің қылықтары ашу туғызады. Кейде жасы үлкен болған соң, ақыл-кеңес күтіп, білмегенімді сұрайын, бәлкім білгенімен бөлісер ме екен десем, жоқ…
Таң атқаннан кеш батқанға дейін қарайтыны инстаграм, одан қала берді бірі үш, бірі үш жарым сағатқа созылатын «Қалауым» бағдарламасы. Көгілдір экранға қадалып қалғандай. Баласы мен немересінде мүлде шаруасы жоқ.
Мен болсам, жұмыстан келе салысымен кешкі астың қамымен жүгіремін, енем болса, көмектесудің орнына жаныма келіп болмашы бір блогерлердің өмірін айтып, сынап отырады. Әдейі істей ме десем, енем шынымен де солардан басқа еш нәрсе ойламайтын сияқты.
Бірде дастархан басында күйеуіме жұмыс табуын өтініп едім, «ләм-мим» деп ауыз ашқан жоқ. Бар ойы ватсаптан күндіз-түні келетін толассыз видеолар мен хабарламаларда.
Әбден қажып біттім, кейде осындай енелерді көріп «көпті көргенінен не пайда, аузыңда дуалы сөзі болмаса?» деген ойға қаламын. Не істеуім керек? «Шыдамның да шегі бар» демекші, кейде енеммен дауыс көтеріп, айғайласып алғым-ақ келеді, икенбеймін, өйткені ене дерлік еш мысы жоқ. Осы мәселеден шығу жолын көрсететін психологтан кеңес күтемін.
Әйгерім