el24.kz: Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) мазмұны мен әдістемесі жаңартылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ресми мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, өзгерістер алдымен пилоттық режимде енгізіледі. Жаңа сұрақтар халықаралық стандарттарға сәйкес дайындалып, оқушылардың сыни ойлау қабілетін бағалауға бағытталады.

Сондай-ақ тестология саласы жетілдіріліп, сұрақтарды дайындайтын мамандар арнайы оқытудан өтеді.

Жаңартылған формат 2025 жылдан бастап сынақ түрінде қолданысқа енгізіледі. Толық көлемде іске қосу мерзімі кейінірек хабарланбақ.

Министрлік түсіндіргендей, қазіргі ҰБТ мазмұны білім беру жүйесінің жаңа талаптарына сәйкес келмей қалған. Сондықтан реформа оқушыларға тең мүмкіндік беруді, білім сапасын арттыруды және тестілеудің әділдігін қамтамасыз етуді көздейді.