Бұл оқиға жайында мен ютубке салынған видеобаяннан естіп тыңдадым. Ресейді туып өскен бір жас жігіт ойламаған жерден көз жұмып, бақи дүниеге аттанады. Әлгінің айтуынша, кешкісін жұмысынан келіп әдетінше біраз теледидар көргесін төсегіне жатады. Түн ортасында оның жаны тәнінен шығып кетеді. Ажалына не себеп болғанын кім білсін, әйтеуір ол өзін таңғажайып жағдайда көреді.
Түн болса да үйдің іші жап-жарық екен, -деп есіне алады әлгі жігіт. –Төменде еден, әріректе төсек, онда шалқасынан түсіп жатқан өзімді көрдім. Басым бір жағына қисайып, көздерім ашылып қалыпты. Аяғымды көтеріп төсегіме қарай жүргім келген еді, аяғым көтерілгенмен сол орнымнан жылжымадым. Алға жүремін, бірақ жүгіруге арналған тренажерда тұрғандай орнымнан қозғалмаймын.
Өзімнің осынау халіме таңырқаған мен не болып, не қойғанын ұға алмадым, -дейді әлгі жігіт. –Содан кенет ойыма асүй түсті. Сол-ақ екен асүйден шыға келіппін. Бұнда қас-қағымда қалай келгенімді білмей таң қалдым. Дала туралы ойлағаным сол, аулаға шығып кеттім. Айналаның бәрі алақанға салғандай анық көрінеді. Бұның түс емес екендігін нақты сезінемін.
Осылайша, тәнінен шығып кеткен жігіт өзінің өлгенін кейінірек барып түсінген. Одан әрі ол қараңғы туннельмен ұшып отырып, жарыққа шығады. Арғы жағында бұрын қайтыс болған атасымен кездеседі. Атасы балықшылар кемесінің капитаны болған екен. Арақ ішпеген, жаман жүріс жасамаған, тәрбиелі жақсы жан болыпты. Бала кезінде қайтыс болғанына қарамастан, атасы өсіп жігіт болған немересін бірден танып, үйіне алып барады. Табиғаты көркем тамаша жерде, ағаштан қиып салынған әдемі үйде тұрады екен. Содан, ол атасымен бірге біраз уақыт тұрады.
Әжесінің жоқтығын көріп, «әжем қайда?» деп сұрағанда «Әжең әлі тірі ғой» деген жауап алады. Бұл күнде көзі тірі әжесі фәни дүниеде тірлік кешсе, атасы бақи дүниеде жалғыз тұрады екен. «Менің байқағаным, өлген адамдар сол сәттегі санасының деңгейіне байланысты не жоғары көтеріледі, не төмен құлдырайды. Жоғары көтерілген адамдардың жағдайы жақсы болып, біршама ұзақ сол күйде болады. Ал төмен құлдырағандар тозаққа түсіп, түрлі тауқыметтер тартады. Атам жоғары әлемге көтерілген екен. Ол тірі кезінде ешкімге қиянат жасамай, адал тірлік кешкен еді»
Атасы жасына қарамай орта жастағы деңгейде сақталыпты. Атасының үйінде ол тамақ та жеген. Тамақ қайдан келетіні белгісіз, өз өзінен пайда болады және оны жегенде кәдімгідей тәбет болатын көрінеді. Дегенмен бозбала атасымен бірге көп тұра алмапты. Атасы бұған «сенің фәни дүниедегі өмірің біткен жоқ» деп сездірген. Сөйтіп ол жерлегелі жатқан кезде, араға екі күн салып қайта тірілген.
Иә, бұл сұрақ барша адамдар үшін қызығушылық туғызатыны анық. Дін адамдарының о дүние жайлы түсінігі өте жұтаң, бір сарынды болып келеді. Молдалардың айтуынша, өлген соң қабір өмірі басталады, Нәңкір, Мүңкір деген екі періште келіп сұрауға алып, күнакарларды азаптайды. Ал қиямет қайымда барша жан сотталып, күнәсі көптер мәңгі тозаққа тасталса, күнәсі аздар мәңгі жұмаққа енбек. О дүние жайындағы діни түсінік осымен шектеледі.
Ал өліп тірілген әлгі жігіттің айтуынша, о дүние сансыз көп қабаттардан тұрады және адам өлер сәттегі сана деңгейіне байланысты сол қабаттардың бірінде тірлігін онан әрі жалғастырады. Құдайға сенбейтін, дінсіз, күнаға белшеден батқан адам төменгі қабаттарға құлдырап, онда түрлі тауқыметтерге ұшырамақ. Ал күнәсі аздау адамдар жоғары қабаттарға көтеріліп, біршама ұзақ мерзім қалыпты тірлік кешеді. Ал ең жоғары қабаттарда әулиелер мен періштелер болады. «Қандай қабатта тірлік кешсең де белгілі уақыттан кейін қайта жерге оралып, қайта өмір сүресің. Ол кезде санаңнан барлық естеліктер өшіріледі. Адам өмірінің мәні осы дүниеде тәжірибе жинап, өзінің тән емес мәңгілік жан екендігін түйсіну және Құдайға беріліп құлшылық ету жолына түсу» — дейді о дүниеден оралған жігіт.