Жоғары оқу орынында оқып жүрген кезімізде поездбен жиі жүретінмін. Мерекелік демалыстар болса да шамалы күнге үйге барып келіп тұрғанды жақсы көретінмін. Әдеттегідей кешкі пойызыма отырдым. Демек ертеңгісін ауылымда болуым керек. Айналдырған он екі сағаттық қана жол болған соң жолға аса бір көп тамақ алған жоқпын. Бір бөтелке су мен шоколад қана сатып ала салдым. Негізі пойызға мінгенде шудың ортасында кітап оқығаннан гөрі жатып ұйықтағанды жақсы көремін. Көзім ілініп кеткеннен түн ортасы ауғанда шамамен үштер шамасында оянып кеттім.
Aйналамдағы адамдардың барлығы ұйықтап жатыр, өзім дәретханаға барып, (сақтық үшін қол сөмкемді тастамай алып жүремін) бір жағынан темекі тартып келуге тамбурға қарай шықтым. Шылым шегуге келгенімде оттығымды таппай дал болдым, ары қарадым, бері қарадым сөмкемнің еш жерінен таба алмадым. Вагонға кіріп, жолаушылардан сұрайын дегенімде ояу ешкім болмады. Амал жоқ, сөмкемді тағы да отырып, асықпай қарауға тура келді. Кенет мұрыныма темекінің түтінінің иісі келді. Артыма жалт бұрылдым, арқасын беріп, шашы ұзын қыз темекі тартып тұр екен, бірден маған қарай бұрылды да оттығын ұсынды. Қуанып кеттім, ойымда ештеңе жоқ темекі тұтатуға кірістім. Алайда тұтанар емес. ол қыздың қалай тұтатқанынан хабарым жоқ, өзім еш тұтата алар емеспін. Көмек сұрайын деп, қайта бұрылғанымда әлгі қыз ғайып болып кетті. Түк түсіне алар емеспін. Өздеріңіз білетіндей, тамбурға кіріп-шыққан адамды байқамау мүмкін емес, оның үстіне есіктердің дауысы да естілмей қоймайтыны анық. Не кіргенін, не шыққанын білдірмей пайда болды да жоқ болды. Қорқайын дедім, жүрегімді қолыма ұстап, дереу вагонға алып ұштым. Мүмкін вагонда отырған болар дедім, алайда олай да емес. Қорқып барам. Дереу орыныма барып, жата қалдым. Жолсерікті оятып алып, әлгі қызды сипаттап жатырмын, ондай адам болған жоқ деп ол кісі бой берер емес. Сонда ол бейтаныс қыз кім болды екен? Елестеуі мүмкін емес, өз көзіммен көргенім, темекісінің иісіне шейін сезгенім айдан анық...
Сәлеммен Гүлім. Жамбыл облысы.