Үйімде сібір тұқымдас үш түсті ала мысығым бар. Тұрқына қарап оны «Барсик» деймін. Марғау кезінен адамдар арасында болған соң ба, айтқан сөздерді түсінетініне таң қаламын. Оның қылықтары да қызық, Барсик аяққа сүйкеніп еркелесе тамақ сұрағаны, есік алдына барып мияуласа далаға шыққысы келгені. Сырттан үйдің есігін аяғымен ашып өзі үйге кіре беретіні және бар, әрі өзі өте сезімтал және біздің көңіл-күйімізді аңдып отырғаны. Ал түнде төсегімнің жанына мияулап келсе, оның далаға шыққысы келгені. Ондай кезде ұйқымнан оянып, мысықты далаға шығарып жіберемін.
Бірде тоқсандық есеп-қисап жұмыстарымен айналысып, ұйқыға кеш жаттым. Қатты ұйықтап кетіппін. Шырт ұйқыда жатқан менің құлағыма Барсиктің мияулаған дауысы естілді. Шынын айтсам тұруға еріндім. Осы кезде:
- Мына мысық манадан бері Еркінге далаға шығар деп зарлап тұр, ал ол болса ұйықтап жатыр, – деген ғайыптан шыққан ер адамның дауысын естідім. Оған ғайыптан шыққан екінші дауыс қосылды:
- Мысыққа обал болды, бірақ Еркін ұйқыға кеш жатқан.
- Әй мысық, Еркіннің оянуын тос.
- Үндеме, Еркін оянған сияқты, - деген олар үнсіз қалды. Менің ұйқым шайдай ашылды. Төсектен тұрып жарықты жақсам бөлмемде ешкім көрінбейді. Әйелім алаңсыз ұйықтап жатыр. Тек қабырғаға ілінген «гном» қуыршақтың көздері от боп жанып тұр екен. Мен естіген дауыс тылсым дүниеден келген «елестердің» дауысы екенін сездім. Тек «тылсым өкілдерінің» мен туралы хабардар болғанына қарағанда олар жанымда жүргендері ғой деп топшыладым.
Бір таңғалдырғаны «елестердің» қазақша сөйлегені! Содан төсегімнің жанында мияулап тұрған мысығымды далаға шығарып жіберіп: «әлгі елестерді іздейінші» деп үйдің ішін аралап шықтым, олар көрінбеді. Осылай дабырлап жүрген жүрісімнен оянған әйелім:
- Не болды саған? – деп кейіген соң:
- Бөлмемізде сөйлескен «елес» екі ер адамның даусын естідім, солармен кездескім келіп іздеп жүрмін,-деп едім. Зайыбым:
- Рас па? –деп сұрады.
- Иә, тек бұл жолы «елестердің бейнесін» көрген жоқпын, - дедім.
«Елестер» келсе тілдесіп қалайын деп оларды тосып жатып, ұйықтап кетіппін.
Айтпақшы «елестер» өзара сөйлескенде мысығым мияуламай үнсіз қалған, сонда ол «елестерді» көріп, олардың сөздерін түсінгені ғой?
Ерсін Ерғалиев