el24.kz Алматы қаласында Розыбакиев көшесінің атауын өзгертіп, оны халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың есімімен атау туралы петиция жарияланды. Бұл бастама қала тұрғындары мен бірқатар қазақстандықтардың атынан қалалық ономастикалық комиссияға жолданған.

Өтініш авторлары Мұхтар Шахановтың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі екенін атап өтеді. Олардың пікірінше, ақынның қоғамдық-саяси өмірдегі қызметі мен тарихи оқиғаларға қосқан үлесі ерекше бағалануға тиіс.

Петицияда, әсіресе, Мұхтар Шахановтың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларын тарихи тұрғыдан ақтаудағы рөліне назар аударылады. Атап айтқанда, 1989 жылы КСРО халық депутаттарының съезінде ол Алматыдағы оқиғаларды жан-жақты тергеу үшін арнайы комиссия құруды талап еткен. Кейін бұл комиссия «қазақ ұлтшылдығы» туралы бұрынғы тұжырымдардың қате екенін мойындауға ықпал еткен.

Бастама авторлары көше атауын өзгерту арқылы ел тарихында елеулі орны бар тұлғаның есімін ұлықтау маңызды деп санайды.

Қазіргі уақытта петиция тиісті органдардың қарауына ұсынылған. Соңғы шешімді Алматы қаласының ономастикалық комиссиясы қабылдайды.