Осыдан бір жыл бұрын анам 18 жастағы жігітпен көңіл қосты. Бұл жаңалықты білгенде мен де анамның жалғыз әпкелері де одан теріс айналды. Анамның бұл қылығын махаббат емес, масқара деп білдім. Тіпті, жүрегің айныйды. Оның менімен жасты жігітке қалай ғана көз салғанын түсіне алмадым.
Анам әкеммен мен алты жаста болғанда-ақ ажырасып кеткен. Оның сөзінше, ол теледидар алдынан түспейтін, жатып-ішер адам болған. Анам отбасын өзі асырап, үйдің әйелі мен еркегі болыпты. Сол үшін әкемсіз күнін көре алатынын түсініп, мені алып, төркініне кетіп қалған екен.
Содан бері он екі жыл сырғып өте шықты. Есімді білгелі анамның біреуді ұнатып, біреумен кездескенін көрмедім. Кейде шын бақытын тапқан болар деп, оның таңдауына мойынсұнғым келеді. Бірақ қолымнан келер емес. Әлгі жігіттің құдды бір еркек ұқсап анамның белінен ұстап, сүйгенін көріп қалсам, қаным басыма шабады. Не істерімді білмеймін! Тіпті, ол екеуіміз оңашада қалып қойсақ, бір-біріміздің жағамыздан ала жаздаймыз. Ол мені қыз бала ғой, сүйген әйелімнің қызы ғой деп сыйламайды. Ал мен оны анамның таңдаған жары деп білмеймін. Екеуіне қарай алмаймын. Кейде анам соншалықты ақылсыз ба деп ойлаймын. Өзінің пәтері, тұрақты жұмысы, кәсібі бар. Қайдағы жоқ боқмұрынды қайдан тауып алғанын түсінбеймін. Үшеуіміз бір жерге барсақ, барлығына анам өзі төлеп отырады. Өзіне жар емес, тағы бір бала тауып алғандай.