el24.kz 20 қазаннан бастап Қазақстанда жеке пайдалану мақсатында көлік құралдарын сырттан әкелуге қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді. Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің (ЕЭК) 2025 жылғы 23 мамырдағы №45 шешіміне сәйкес қабылданған.

Жаңа талаптарға сай, енді елге тек ЕЭК коллегиясының 2017 жылғы 30 маусымдағы №74 шешімімен бекітілген тізімге енгізілген көлік түрлерін ғана әкелуге рұқсат беріледі.

Шектеулер жеңіл автокөліктерге (медициналық арнайы көліктерден басқа), сондай-ақ квадроциклдерге, қарда жүретін көліктерге, жолсыз жерлерге арналған техникаларға, мотоциклдерге, мотороллерлер мен мопедтерге қатысты. Сонымен қатар, 12 орынға дейінгі автобустар мен жалпы салмағы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктері де белгілі СЭҚ ТН кодтары бойынша аталған тізімге енгізілген.

Барлық әкелінетін көлік құралдары «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке сай болуы қажет. Бұл талапқа сәйкестікті растайтын басты құжат – көлік құралының конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік (СБКТС) болып саналады.

Егер бұл құжат болмаса, жеке тұлғалар көлікті кедендік рәсімдеуден өткізе алмайды, электрондық паспорт (ЭПТС) ала алмайды, утилизациялық алымды төлей алмайды және ең бастысы — көлікті тіркеуге қоя алмайды.

Осылайша, бекітілген тізімге кірмейтін кез келген автокөлікті Қазақстан аумағына әкелу мүлде мүмкін болмайды. Мұндай көліктерге қатысты рәсімдеу, кедендік тазарту және тіркеу жүргізілмейді.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы техникалық талаптарды біріздендіруге және сертификаты жоқ көліктердің импортын шектеуге бағытталған.