el24.kz    Былтыр Алматыда болған жер сілкінісі кезінде тұрғындарға ескерту дабылы қосылмай қалғаны ел есінде. Осы оқиға бойынша тергеу амалдары аяқталып, кінәлілерге қатысты сот үкімі шықты.

Белгілі болғандай, дабыл жүйесінің істен шығуына байланысты Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары, сондай-ақ мердігер ұйым мен техникалық бақылау өкілдері жауапқа тартылды.

Тергеу материалдарына сәйкес, TNS-INTEC атты компания қала бойынша ескерту жүйесін орнату кезінде техникалық талаптарды сақтамаған. Жабдықтардың бір бөлігі жарамсыз болып шыққанымен, қабылдау актілері заңсыз түрде рәсімделген. Бұл фактілерге ТЖД басшылығы мен техникалық қадағалау мамандарының немқұрайлығы себеп болған.

Сот шешімімен аталған лауазымды тұлғалар әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салу жазасына кесілді.

Айта кетейік, былтырғы зілзала кезінде дабыл жүйесі автоматты түрде іске қосылуы тиіс болған, алайда техникалық ақауға байланысты ескерту сигналы халыққа жетпеген. Бұл жайт қоғамда кең талқыланып, жауаптыларды жазалау талабын күшейтті.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай қайталанбауы үшін қазір қаладағы ескерту жүйелерін жаңарту және цифрлық бақылауды күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.