el24.kz Оқу-ағарту министрлігі сабақ үстінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салынатынын тағы да еске салды. Егер оқушы сабақ кезінде телефонды пайдаланып, мектептің ішкі тәртіп ережесін бұзса, жауапкершілік оның ата-анасына жүктеледі.

Министрліктің мәліметінше, айыппұл мөлшері шамамен 20 мың теңге. Бұл – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша, кәмелетке толмаған баланың мінез-құлқына дұрыс бақылау жасамаған ата-аналарға салынатын жаза түрі.

«Мектептерде ұялы телефонды сабақ кезінде пайдалануға тыйым салынған. Бұл талап оқу үдерісінің сапасын арттыру, балалардың зейінін шоғырландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Дегенмен, әзірге ата-аналарға айыппұл салынған жағдай тіркелген жоқ», – делінген министрліктің хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, сабақ кезінде телефон пайдалану – баланың оқу үлгеріміне, есте сақтау қабілетіне және тәртіп мәдениетіне кері әсер етеді. Сонымен қатар, интернетке еркін қолжетімділік балаларды әлеуметтік желілер мен ойындарға тәуелді етуі мүмкін.

Бүгінде көптеген мектептерде оқушылар сабаққа кірер алдында ұялы телефондарын арнайы қорапшаға қалдырып, сабақ соңында ғана қайта алады. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады.

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға балаларына телефонды тек қажетті сәттерде, яғни сабақтан тыс уақытта пайдалануға үйрету қажеттігін еске салды.