«Ауызбен ұрысып, төсекпен жарасқан ерлі-зайыпты бақытты болады» деген апаның сөзінің жаны бар...

 

Монша деген жақсы жер. Әйелдердің арасында неше түрлі әңгіме айтылып, үлкен апалардан қызықты оқиға мен керемет кеңестер алып, арасында ұрыс та естіп қайтасың. Әсіресе, аузы батыр әжелер мен әзілді «сойып салатын» әйелдер барса, моншадан езіліп емес, сергіп шығасың.

Кейде айналадан шаршап, үйдегі «ауа-райынан» да қажи бастағанда көпшілік моншаға барып қайтамын. Сағаттап ыстық буда отырып, көзтаныс болып қалған әйелдермен әңгіменің қазанын қайнатамыз. Әйелдердің басы қосылса саясатты сапырмайды, қоғамды қозғамайды. Бала-шағадан бастап, келін-кепшік, ата-ене, күйеуге дейін барады да, «төсекті» бұрқ еткізеді ғой.

Әсіресе, апамдар айтқанда, төсектің айналасындағы әңгімеге қулана күліп қойып жас қыздарға дейін құлағын түреді. Қызды-қыздымен өздерінің де пікірін айтып, мен құсап сөз естіп қалатындары жеткілікті. Ондайда күлкі жеңіп кетеді бәрін. Сөз естіп қалдым демекші, сондай бір апалардың бірі әйел мен еркектің арасындағы төсек құпиясын ашып берген еді. Ол былай болған...

Кезекті моншаға баруым... Әдеттегідей жайғасып, әңгіме күйеудің тақырыбына ауысқанда, «ой, еркектің сұрағанын бере берсек неміз қалады?» деген сөзім бәрін жыныстық қатынас төңірегіне аударып әкетті. Басталды сосын...

«Неменеге бермейді екенсің? Бересің?!» деп жоғарырақта отырған апам тап берді сөзімен. Айналасына көзін қысып қойып, езуіне қу күлкі үйірілгенін желкеммен сездім.

«Неменеге бере беруім керек екен?» - Мен қалысам ба? Мынадай жерде отты одан сайын үрлей түсу керек қой?!

«Беру үшін келгенсің... Бересің!» - Апамның даусы қаттылау шықты.

Осы кезде әрірек отырған әйел де әңгімеге араласты. «Әпке-ау, олар да бала құсап алған үстіне ала берсем дейді ғой... Басқасын қайдам, өзімдікі сондай... Көзі жайнап келеді де тұрады. Кейде сол үшін ұрсып қаламыз», - деп мұңайып қалғандай болды.

Ой, небір пікірлер кетті осы жерде. Бәрінің де айтқысы кеп жүрген мәселесі ме, жастау келіншектер араласып кетті өздерінікін дұрыс санап.

«Рас қой, адам өзі шаршап жүрсе... Қылқылдап тыныштық бермейді...»

«Бала бар-ау демейді біздікі, ә десе «мә» деуің керек!»

«Соны айтам, еркек деген тойымсыз бола ма? Әлде құмары оянса басы істемей қала ма екен?!...»

«Әй, жасы алпысқа келсе де аттан түсер емес... Немерелерден ұялып кетесің кейде...»

Бәрі де төсектегі шындықтарын жайып салар ма еді, әңгімені бастаған апам даусын қаттырақ шығарып «тәйт» деп тастады.

«Қойыңдар-ей, түге! Онысы несі?! Қой демесем, не істеп, не қойғандарыңды айтайын деп тұрсыңдар ғой, тұқымың көбейгірлер! Ондай кезде не істеу керек екенін білмейсіңдер де?!»

«Не істеу керегі» маған ғана емес, басқаларға да жағып қалған екен. Елең ете қалдық.

«Не істеу керек сонда?!» Бір-екі әйел сұрап үлгерді. Бәріміз апамыздың аузына қарап қалыппыз. «Не істеу керек дегені несі?! Сұрай ма, бер! Сұрай ма, бере бер! Тіпті, сұратпай бер! Онысы несі? Оны да мен айтайын сол!»

Не керек, күткен шоколады жәй ғана кәмпит боп шыққан баладай ренжіңкіреп қалдық.

«Әй, бері қараңдар. Соған бола ұрысқан жақсы ма? Ау, бәрібір беретін болған соң, несін аяйсың оны? Денсаулығыңның жарамай тұрғанын білсе, өзі де жолай қоймас. Бірақ тілің ұрсуға келіп шапылдап тұрса, қолың бел таянуға жарап тұрғанын көрген еркек неге сұрамайды? Сұрайды. Е-е, ақымақсыңдар ғой... «Ошақтан отты аяма, күйеуден төсекті аяма» деген. Кеуделеріңде отың, құшақтарыңда ыстығың барда күйдіріп-күйдіріп алыңдар. Осы күндеріңді сағынасыңдар, әлі. Жаратқан да бәрін өлшеп берген. Төсекте де қабысып қанша жатарларларың бір Аллаға ғана аян. Күйеулеріңнің төгіп берері таусылмайды деймісіңдер? Ол да өлшеулі... Бір кеңес айтайын, естеріңде сақтап алыңдар. Күйеумен ұрысып қалғанда жақындасаңдар, күндегіден де ыстық болады.»

Естімеген екем мұндайды, құлағым елең етті.

«Ұрсып қалғанда қалай жақындайсың?» «Ә-ә, сен жасап көр... Ұрысып қалған күні жақындасқан тәтті болады. Ренішті жуып-шайып, ертеңге ештеңе қалдырмайды. Бәрі төсекпен шығып кетеді...»

Апаның мына сөзі тұрмысқа енді шыққан кезімді есіме түсірді. Ол кезде болмашы жайттарға бола ренжісіп қала беруші едік. Әсіресе, ол жұмыстан үйге тым кеш оралатын күндері...

Сондай бір кештің соңы біздің таңға дейін керісуімізға ұласқан еді. Үйге ойламаған жерден қонақ келіп, оларды «қазір кеп қаладымен» түр ортасына дейін ұстаған сәтімдегі ашуым басыла қоймады. Телефоны өшірулі, әдетте бұлайша тым кешікпейтін. Ұйықтамай күтіп, жағасынан алғандай болдым. Артық кеткенімді білемін, оның сөзін естір емеспін. Өзімді ұстай алмай қолымдағы шәйнекті жерге тастап жібергенде ғана есімді жидым. Мұндайды күтпесе керек, күйеуімнің түсі өзгеріп сала берді. Қалшылдап кеткен мені ұрып жіберуі де мүмкін еді, бірақ ол бас салып құшақтай алды. Бұлқынып жатқан мені жібермей, сүйіп тұншықтырып барады.

Адам ағзасы да қызық қой, мен ашуланған сайын ол одан сайын қыса түседі. Оның құшағы мен ашуым қатар келіп, өзімнің де бойымды жыныстық қатынасқа деген құмарлық билеп бара жатқан секілді... Мұндайда сол сәтте ғана сезініп, өзім де түсіне алмаған едім. Сол күйі төсекке жеткеніміз ғана есімде...

Өкпем содан кейін түк болмағандай шайылып кетті. Есіме алсам да одан кейінгі тәтті сезімге бөленген сәтім қоса есіме түсіп, ашулануға да мұрша бермейтін. Моншадағы апаның сөзі сол кезімді еске түсіріп, бойымда бір ыстық леп аралап өткендей болды. Үйге, некелі ақ төсегіме бір сәтке аңсарым ауып кеткендей...

Мен өткенімді есіме алып, таңдайда қалған тәттінің әсерінен қайта оралғанымша басқалар әңгімені біраз жерге апарып тастапты. «Рас қой, ұрсып қалған соң ұзақ уақыт бұртиып жүргеннен төсекпен шешіп тастаған дұрыс» деген мәмілеге кеп қалғандай. Иә, өмірімізді қиындатпай-ақ, болмашы өкпе-ренішті ұзаққа созып, өзімізді де, күйеуімізді де азапқа салмай тез татуласқанға не жетсін?! Жұбайлық өмірдің бір қызығы болған жыныстық қатынасты да қиындықты шешудің бір құралы етіп алуға болады екен-ау деп түйдім. Әзірге іске асып келеді...


Жайнаған Байтұрым,


ERNUR.KZ