Фариза Амангелдіқызы

 
Қалмырзаның жұмысы осылай жыл сайын әр аймаққа ауысып отырады. Біресе оңтүстік шалғай аудандарда, біресе солтүстіктің орталық қаласында, кейде батыстың түпкі ауылдарына...
 
Бүгін, міне тағы да солтүстік облыстың бір шеткі ауданына жолдама алды. Командировка 1-жыл. Қалмырзаның өзі үй ауыстырумен шаршаған. Бірақ келіншегі ел көріп, жер аралағанына қуанбаса, налыған емес. Әр көшкен сайын төркініне хабарласып, қайда орналасқандарын, не бар-не жоғын айтып мақтанып алады. Оны көрген күйеуі жәй ғана басын шайқап күліп алады.

Сара бүгін тым кеш оянды. Кеше біраз әбігер болып түн ортасына дейін үйдің іші сыртын тазалап, бел жазбай жұмыс істеген соң ба шаршап қалыпты. Қалмырза әскери адам болғандықтан қанша кеш жатқанымен уақтылы тұрады. Ол әдеттегідей ерте тұрып жұмысына кірісіп кетіпті. Келіншегінің төсегінің бас жағына бір тілім қағаз қалдырып, жұмысына кеткен болатын. Сара тұра салысымен қағазды оқып күйеуінің жауаптылығына біраз сүйсініп тұрды да, сәл жата тұрайыншы деп қайтадан төсегіне қисайды. Ұйықтап кетіпті. Түс көріп жатыр...
...тағы жаңа қонысқа орналасыпты. Тым биік салынған үй. Сырты қап-қара болып боялған. Шатыры тым ескі екен. Сырт қарағанда қорқынышты үй. Сара ақырын келіп есікті ашты, үлкен дәлізде төрде жалғыз қисайған орындық ғана тұр екен. Жанында шашы ебей-себей бір келіншек теріс бұрылып отыр.
- Саламатсызба ба? Біз осы үйге көшіп келіп едік... дей бергенде әлгі келіншек ақырын орнынан тұрып бері қарай бұрылды. Қараса жаңағы келіншек Сараның өзі. Қорыққанынан есікті сыртынан қатты жапты да артқа қарай тұра жүгірді. Бір нәрсеге сүрініп жалпасынан құлаған кезде оянып кетті. Денесі су тер болып жатыр екен. Күн тас төбеге келіп қалыпты.
- Құдай-ау, қалайша түске дейін ұйықтай бергенмін?- деп өзіне-өзі күбірлей жүріп киіне бастады. Көшіп келген күннің алғашқы күнінен Сара бұл жерге үйрене алмады. Біртүрлі үстін зіл басқандай күйде мең-зең жүреді. Басы жиі ауырады. Күйеуіне айтса мүмкін жер ауыстырғаннан шығар деп аса мән бермеді.
 Сара соңғы кезде тым беймаза күй кешті. Сыртқа шықса бойын қорқыныш билеп, үйге кіруге асығатын болды. Түн қараңғылығында сыртқа мүлде шықпайды. Баяғы пысық келіншек жоқ. Қазір ештеңеге зауқы болмай жатады да қояды. Қалмырза келетін уақытқа тамақты әрең дайындайды. Қалмырза да Сараның жағдайын байқап жүр. Көздері жанып тұратын сұлу келіншегінің жүзі солғын. Ойлана келе дәігерге қаралуын сұрады. Сара да соны құптап, ертең дәрігерге баратын болып бекінді. Бұл жерге қоныс аударғандарына бір айдың жүзі болды. Алғашында үйренісе алмай жүр деген ойы теріске шығып, бертін келе үйренеді дегені болмай, күн өткен сайын жағдайы нашарлай бергендіктен Қалмырза уайымдай бастады. Сол үшін де дәрігерге өзі ертіп баратын болып шешті. Ертеңіне екеуі сол ауданның кішігірім ауруханасына барды. Дәрігердің қабылдауында болып қайтты. Ешқандай кінәрат жоқ. Денсаулығы жақсы. Тек жүйкеге тыныштық керек деп, дәрі жазып берді. Ұрыс-керіс болмаса, жылап жатқан бала жоқ, жас отбасы. Түртпектейтін ене жоқ. Күйеуі асты-үстіне түсіп әлек болса, қайдағы жүйкені айтып отыр деп ішінен күлді де қойды. Сол күні түнде Сара алғашқы келген күнгі түсті тағы көрді. Дәл сол қара үй. Дәл сол есік, сол шатыр. Дәліздегі келіншек Сара. Таңата оянып кеткен ол қатты қорықты. Қалмырзаны жұлқылап оятты. Оның бүгін демалыс күні болатын.
- Не болды жаным? Тыныштық па? Бүгін жұмыс емес қой,- деп ұйқылы-ояу бетін тыржитты.
- Мырза(күйеуін осылай атайды), тұршы. Қатты қорқып тұрмын. Өткендегі түсті тағы көрдім. Өзімді көрдім тағы сол қорқынышты үйден. Не істеймін енді? Неге түсіме кіре береді? - деп Қалмырзаның мойнына асылып жылап жіберді.
- Қой жаным жылама, неге жылайсың? Жәй ғана түс қой. Оған мән бермесеңші.
- Неге дәл сол түс? Соған түсінбеймін. Кетейікші бұл жерден Мырза. Қалғым келмейді мұнда.
- Жұмысым бар ғой жаным. Аяқталса кетеміз.
- Келгенімізге енді бір ай болды. Ал сенің контрактің 1-жыл ғой. Қайта өтініш бер, ауыстыр де, білмеймін кетейікші...
Сара Қалмырзаға бой берер емес. Кетеміз де ,кетеміз деп тұрып алды. Қалмырза келіншегінің бұрын-соңды мұндай мінезін байқамаған. Жарайды деп уәдесін берді де, теріс бұрылып жатып қайтадан ұйқыға кетті. Ал Сара не бір қорқынышты ойлардан мазасы кетіп, көрпені бүркеніп жатты да қойды.
Таңғы астарын ішіп отырып, тағы да сол әңгіме басталды. Қалмырза оны тыңдағысы келмеді ме, әлде расымен кетуге бел байлады ма белгісіз, бірақ Сара ауыз ашқаннан басын изей берді. Таңғы астан соң шамалы отырды да, жұмыс жақпен сөйлесіп қайтайын деп киініп сыртқа беттеді.
- Бүгін жұмыс емес қой негізі, ертерек келемін,- деді есіктен шығып бара жатып.
- Жарайды, мен бүгін төмен жаққа базарға түсемін,- деді Сара.
Қалмырзаны шығарып салған соң, Сара дастархан үстін жинап алды да, киініп сыртқа шықты. Жайдарлы жаз аяқталып, күздің ызғарлы күндері басталып келе жатыр. Екі күннің бірінде күн бұлттанып жауын сіркірейді де тұрады. Бүгін де аспан түнеріп, жауын жауатын сияқты болып тұр. Жеңіл күртешесін үстіне іліп шыға салған еді, тоңып кетті. Төменгі жақта кішігірім базар бар. Мүмкін адам көп, ол жақ сәл жылы шығар деп өзін-өзі жұбатып келеді. Үйге қажетті азық-түліктер алып базардан шыға бергенде бір сыған әйел қайыр сұрап отыр екен. Сара қалтасына қолын сүңгітіп жіберді де сақырлаған тиындарды алып шықты. Қанша екенін санаған да жоқ, сыған әйелдің алдындағы қорапқа тастай салды. Жүзі солғын тартқан келіншектің бойынан біртүрлі қорқынышты сезген сыған:
- Қызым,- деп тоқтатты ақырын ғана.
- Ау, маған айтып жатырсыз ба?
- Иә, бері келші.
Әдетте мұндай кісілермен сөйлеспейтін Сара бар мұңын айтатын адам табылғандай қуана кетті.
- Шақырдыңыз ба?- деген Сара әлгі сыған бір ауыз жылы сөз айтса жылап жіберуге шақ тұр.
 Әлгі сыған әйел Сараны шақырарына шақырып алды да, не айтарын білмей кібіртіктеп ұзақ тұрды.
- Неге шақырдыңыз мені?
- Мен... Сіз... Не ғой әлгі...
- Айта беріңіз, қысылмаңыз.
Сыған әйел Сараның бойындағы қорқынышты айтсам ба екен, әлде өз жөніммен кетсем бе ?-деп тұрды да, не де болса көрейін, мүмкін алдын алып бірдеңесін қылар деп ойлады.
- Сендер жаңадан көшіп келдіңдер ме? Бұл жақтікіне ұқсамайсыңдар.
- Я, біз жаңадан келдік. Тек бір жылға, күйеуімнің жұмыс бабымен.
- Бәсе, алдын көрмеппін сені. Қайда тұрақтадыңдар?- деп әңгімені арыдан орағытты.
- Жоғары жақтағы бір үйді жалға алдық.
- Төменге алғаш түсуің бе?
- Иә, мұнда алғаш келіп тұрмын. Әдетте күйеуім жұмыстан қайтарда осы жақтан азық-түлік ала келетін. Бүгін біраз сергіп қайтайын деп өзім шықтым.
- Иә... Шыққаның дұрыс болыпты. Мен сенің бойыңнан біртүрлі сезім байқап отырмын. Егер айтқың келсе тыңдауға дайынмын.
- Сіз қайдан байқадыңыз?- деп Сара көздері жаутаңдап, ішіндегісінің бәрін ақтарғысы келді.
- Айта бер, мен көмектесемін.
Жалғасы бар...