Ерсін Ерғалиев
Поезда купелес серігім жасы 40 – тан асқан әйел. Жол ұзақ, жолға деп алып шыққан тағамдарымызды дастарханға жайып шүйіркелесіп келеміз. Өзімді таныстырып едім, ол бірден:
- Сіз el24.kz сайтында «Алланың өзі де рас сөзі де рас» деген мақала жазып па едіңіз, оқығанмын ұнады, сондай уақиға менің де басымнан өткен, - дегенде мен де елең ете қалдым:
- Әңгіме сізде ғой айта отырыңыз жол қысқарсын,- деп оның хикаясына құлағымды түрдім.
- Ол кезді еске алсам көңіліме мұң оралады. Менің мамандығым мұғалім, жыл сайын медициналық тексерістен өтіп тұрамыз, - деді жол серігім, - Сол кезекті бір тексерісте өзімнің «жаман ауруға» шалдыққанымды білгенде аспан айналып жерге түскендей болды. Еңсем түсіп кетті. Сенер емеспін, денсаулығымда ақау жоқ сияқты еді ғой деймін, қайтадан белді емханаға барып тексерістен өттім, диагноз расталып, бойымда сүт безінің обыры басталғанын естідім. Дәрігерлер бұл аурудың алғашқы кезеңі емделсең жазылып кетесің деп маған басу айтып көңіліме үміт отын жаққандай болды. Мен дәрігерлерге емделмей алғашқы кездерде емшілерді аралап кеттім. Ауруым асқына берді, тәбетім жоғала бастады, сыздап ауру күшейе бастады. Балам мен күйеуіме жасыра алмадым, жағдайымды айттым. Олар да бұндай жамандықты естіп, ұнжырғалары түсіп кетті. Ұлым мен күйеуім қоярда қоймай онкология бөліміне жатқызды. Химия терапия ала бастадым. Шашым түсіп, тәбетім жоғалып, құр сүйегім қалды.
Бір күні жұбайым мен балам «Сені үйге алып кетіп, үйде емдейміз» деп тұр. Мен: «Дәрігерлер емдей алмай жүргенде, сендер қалай емдейсіңдер» деп көзіме жас алдым. Ішім сезді дәрігерлердің мен үмітсіз деп ауруханадан шығарғандарын.
Үйге келгеннен кейін күйеуімнің мінезі күрт өзгерді. Ерте кетіп, кеш келеді, кейде қонбай қалатын күндері де болды. Бір күні: «Екеуміз айрылысайық, енді өміріміз жараспас» деп келіп тұр. Сүйеу болатын күйеуімнің түрі сол болды. Балам бұны естіп үн - түнсіз қалды. Сонымен күйеуім екеуіміз айрылысып, ол мені - тастап кетті. Осы кезде балам: «Анашым, мен сені емдеп шығармын, тек сенің маған көмегің болсын өмірден үмітіңді үзбей еңсеңді түсір ме» деп жігерленіп, бойыма қайрат, күш, сенім берді. Ол жұмысынан босап, келін екеуі мені күтімге алды...
Осындай қысылтаяң уақытта анамның қиындық көрсең Аллаға сиын. Алла сонда саған пана болады, қандай қиыншылықтан болсын алып шығады дегені есте. Үйде Әжемнен мұраға қалған Құран кітабі бар еді әжем мен анамның қолдарының табы қалған қасиетті кітап қой деп құшағыма қысып біраз отырдым. Сонда бойыма бір күш құйылғандай әсерде болдым. Мүмкін солай болып көрінді ме. Өзім де құр жаяу емес едім құран аяттарын ежіктеп оқи бастадым. Осылай бар ынтаммен құран ұстап Аллаға жалбарынатын болдым Алладан дертіме шипа беруін сұрадым. Құран кітабі маған сенім берді. Сенім болған жерде өмірге деген деген құштарлық оянады екен. Балам
мен келінім күндіз-түні мені күтті. Бар сенімім Алла тағала мен баламның берген жігерінде еді. Балам шөптерден дәрі –дәрмек істеп, халық емін қолданады. Содан тәбетім ашылып құстан істелген сорпадан аздап ішіп бойыма сіңе бастағанда өмірге үміт отым оянды. Бара-бара ауыртпайтын піспелерден қол үзе бастадым.
Күннен күнге денеме күш-қуат біткендей болады. Осылай дертімнің емін Алланың құран кітабінен, баламның ықыласынан таптым. Сенсең де, сенбесең де сол. Құран кітабі қолымнан түспейтін болды, қайта қайта оқып жан рахатын таптым. Жүрек қалауымен намазға жығылдым. Бетім бері қарады. Балам қатты қуанды.
Мен де масаттанып балама «бірінші Алла, екінші сенің арқаңда дүниеге қайта келгендей болдым. Менің ақ сүтімді ақтадың» деп едім, балам «Анашым, мен сенің тек қана еңбегіңнің бір түнін ғана ақтадым» дейді.
Дәрігерлік тексерістен өтіп едім, дәрігерлер обырдың белгісін таба алмады. Бұл Аллаға деген сенімімнің арқасында емделгенім деп санаймын. Бұрынғы жұмысыма қайта оралдым. Әріптестерім, бауырларым, құрбыларым қатты қуанды.
Бір күні айрылысқан күйеуім кешірім сұрап келіп тұр. Ыза болып «қай бетіңмен келдің» деп қуып жібердім. Ұлым ләм деген жоқ, тек «Сен қандай шешім қабылдасаң да, қолдаймын» деді. Бірақ оның жүрегінің түкпірінде әкеге деген сағыныш жатқанын сездім. «Алла, маған өмір сүруге мүмкіншілік беріп тұр ғой, кешірейін күйеуімді» деп, оны кешірдім. Ол қатесін түсінген болар деп ойладым. Үйге қайтып келді, бірге тұрып жатырмыз. Қызметіме қайта орналастым. Көңілімді түсірмеуге тырысамын. Обыр ауруы рухы түскен адамдарды иектеп кететінін білемін ғой. Сондықтан ұнжырғамды түсірмей үнемі көтеріңкі көңілде жүргенімді қалаймын, - деп әңгімесін аяқтаған еді. Мен өмірі үшін күресе білген әйелге риза болдым.
Иә, Алланың құдіреті шексіз ғой!