el24.kz Қоғамда үлкен резонанс тудырған Атыраудағы отбасының жоғалуына қатысты қылмыстық іс бойынша Ақбаян Мұқанғалиеваның бұл қылмысқа қатысы жоқ екені анықталды. Осыған байланысты оған қатысты қозғалған қылмыстық қудалау ресми түрде тоқтатылды.

Тергеу мәліметінше, күдікті ретінде ұсталған Сұлтан Сәрсемәлиев Алматы қаласына жеткізілгеннен кейін өз кінәсін бірден мойындаған. Ал Ақбаян Мұқанғалиева тергеу барысында қойылған сұрақтарға нақты әрі толық жауап бере алмаған.

Құзырлы органдардың мәліметінше, елге депортация арқылы жеткізілгеннен кейін Ақбаян Мұқанғалиеваны арнайы медициналық мекемеге орналастыру туралы шешім қабылданған.

Атырау облысы полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Темірхан Қажымұратовтың айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваны бастапқыда күдікті деп тану — процестік қажеттіліктен туындаған шешім болған.

«Депортация арқылы жеткізілген соң, толық сараптама қорытындысы шықпайынша, оны медициналық ұйымға орналастыру туралы шешім қабылданды. Сол себепті ол күдікті ретінде танылды. Мұндағы негізгі мақсат – оның қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау еді. Сөйлесу барысында психикалық ауытқушылық белгілері байқалды. Тергеу әрекеттерін толық жүргізуге мүмкіндік болмады. Ол сұрақтарға нақты жауап бере алмады, жауап берген күннің өзінде ауытқушылықпен жауап берді. Сондықтан Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды», – деді тергеуші.

Осылайша, тергеу қорытындысы бойынша Ақбаян Мұқанғалиеваның аталған ауыр қылмысқа қатысы дәлелденбеген.

Қазіргі таңда іс бойынша негізгі айып Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қаралып жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.