Қаладан кеше келгем. Осы ауылда анау алыстағы қалада оқып жатқан жалғыз менмін. Туыс-туған, көрші-қолаңның барлығы менен сарқыт дәметеді… Шамамша қалтамдағы қалған соңғы жармағыма дейін қаланың неше түрлі тәтті-дәруменін ала келетін әдетім… Биыл ерте қайтам деп хат жазып жібергем… Қайтатын қаржыны Есен ағам салып жіберіпті. Тіпті бұрынғылардан молырақ. Сосын Есен ағамның үйіндегі жеңгеме арнайы таңдап жүріп қос етекті әдемі көйлек сатып алғанмын. Сонымды алып үйлеріне келдім. Мен келгенде Есен ағам үйде жоқ екен, жеңгем әлі жасқа тола қоймаған баласын емізіп отыр екен. Алтын адам… Қай уақытта келсеңде жарқылдап отырады. Мені Тентекқара дейтін… Амандық сұрасып болған соң сәлемдемемді жеңгеме ұстаттым. Сыртта ойнап жүрген балаларды шақырып мен әкелген тәттіні үлестірген жеңгем көйлекті көріп балаша мәз болды…

– Әй, тентекқара-ай, алтын қайным-ай, несіне әуре болдың? Қандай тамаша еді! Өзі арлы-берлі аударып көріп тұрып бір заманда өңі сұрлана қалды. Бірдемесі ұнамай қалды ма деп ойлай қалдым.

– Жарайды, жаным, кел шайға. Рахмет ескеріп сыйлық алғаныңа. Бірақ осы құрғырды тағы киюге бұйыртпайды ғой, – деп күрсінді. Менің есіме осыдан он жылдың алдындағы бір оқиға түсті.

***

Біздің үй сол жылы төр жайлауға жай шыққан. Тағы сол қарасан келгір көк бұқаның кесірі. Жылдағы әдеті ғой. Әні-міні көшеміз десек болды, жоғалады да кетеді. Ал, көк бұқасыз атам ешқайда көшуге рұқсат етпейтін. Малымның басы дейтін…

– Ата-ау, осы малыңның басына көк бұқаны қойғанша ана апамның сары қасқа сиырын қойсаңызшы. Күніне екі шелек сүт шығады. Көк бұқаңда не бар? Қасына барған адамды да, малды да сүзіп елге лаң салғаннан басқа, – дейміз ғой барлығымыз жиналып.

– Тәйт ары!.. қасиетті малға тіл тигізбе! – деп зекіп салатын.

– Кеше ғана табындағы сиырмен бірге жүрген қарасан келгір бүгін жоқ. Сай-сайдан таппадық. Төрге қарай тартып кеткен шығар, болмаса ойға түсіп кетті ме екен… Бұрындары атам өзі ғана іздейтін. Осы жолы мені де жоқшының қатарына қосты. Былтыр нағашы атам бәсіреге берген құла құнаныма жайдақ тоқым сала салып мен де кеттім. Ермен сайды аралап кел деген. Түс ауа жаман құнанды тепектетіп әзер жеттім. Осы сайды несіне «Ерменсай» деп атайтынына таңым бар. Бір талда ермен өспейтін, қайта бөктерді алып жатқан қып-қызыл бүлдіргенге толы еді. Неге «Бүлдіргенді» деп атамады екен деп ойладым. Шамасы артық жүрістен құнанымның қолы түсіп қалған болар, алдынан ақсап әзер жеттім. Қып-қызыл бүлдіргенді көргенімде атамның қасиетті көк бұқасы есімнен шығып кетіпті. Таңдайға жете езіліп жоқ болып кететін бал бүлдіргенді күйседім-ай келіп… Қанша жегенімді кім білсін. Әйтеуір бір заманда маужырап барып ұйықтап кетіппін… Жер теуіп осқырынған құнанның даусынан оянып кеттім. Кеш батып қалған екен. Күннің қызыл шапағы таудың биік шоқысынан ары қарай құйылып барады. Манағы шамадан тыс жеген бүлдірген ішімді керіп, шөл қысып барады. Мана келе жатып жолдан тастұманы көргем, солай бармақ болдым. Енді жайлап қорқа бастадым…

– Иен жерде сайтан болады, – деп айтып отыратын үлкендер. Енді қол- аяғым қалтырап, әдетте секіріп мініп алатын құнанның шоқтығынан қанша жармасқаныммен міне алсамшы. Маңайда бір биік тас та, тұмар да көрінбейді. Енді құнанды жетелеп манағы көрген бұлаққа қарай жүгіре жөнелдім. Тұмаға жете бере әлденеге шалынып омақасып кеттім. Құнаным үркіп қолымдағы шылбырды жұлып кетті.

– Абайла, бала, ақырын жүрмейсің бе? Құлағымның түбінен әйелдің мүсіркеген жағымды даусы естілді. Басымды жерден жұлып алдым. Қасымда шамасы менен оншақты жастай үлкен әдемі қыз тұр. Аппақ көйлегі баяу соққан самалмен дірілдеп тұр. Сасқалақтағанымнан:

– Еш жерім ауырған жоқ. Көк бұқа көрдің бе? – деппін…

– Ааа, ана сыңар мүйіз бұқаны айтасың ба?

– Иә, дәл өзі. Төрге көшейік деп ек, жоғалып кетіп… атам көшпеймін деп. Балпылдап ананы бір, мынаны бір айтып жатырмын…

– Неге жүгірдің?

– Шөлдеп кеттім, бұлақтан су ішем.

– Сен менің бүлдіргенімді жеп қойдың.

– Сенікі емес… Бұқа қайда?

– Бүлдірген менікі…

– Атама айтам… бұқа қайда?.. бұқа атамдікі…

– Жоқ, бала, бұқа атаңдікі емес… сенікі…

– Жоқ, менікі емес… Атамның сүзеген көк бұқасынан, шолақ құйрық қызыл тайынша әлде қайда жақсы еді… Өзі менің қасымнан кетпейді. Анда-санда апам берген қантты тартып жеп алатыны болмаса…

– Жарайды, өзің біл, атаңа бұқаның не керегі бар дейсің…

– Соны айтам, көше берейік десек болмайды…

– Жүр, су ішесің бе?

Біз бұлаққа қарай бара жатырмыз. Қыздың аяғы жерге тигені білінбейді, сырғып бара жатқан сықылды. Артынан дыздаңдап мен келемін. Кенет ойыма сайтан деген қайта түсті. Жүрегім дір ете қалды. Артынша ойымнан тез арылдым. Осындай әдемі қызды сайтан деуге қимадым. Шіркін, Есен ағамдай үлкен жігіт болсам, осы қызды алар едім деп армандадым. Екеуміз суға жеттік. Екбеттеп жата қалып сімірмек болып ем:

– Тұра тұр, бала, қазір, – деп, анадайда қалың құрақтың арасынан бір жарқыраған күміс кесе алып келіп сонымен су алып берді. Су емес, нағыз бал дерсің… төңкере салып қайта ұсындым… арт-артынан үш кесені сіміріп жіберіп барып тілге келдім…

– Бұқам қайда?

– Бар, әне тұр… –деп қапталдағы қалың самырсын жақты нұсқады… Бағана келгенде бүлдіргенге қызығып кетіп сәп салмаған болсам керек, тура жанымызда сыңар мүйізін шайқап тұр екен…

– Мен кеттім…

– Бұқаны бермеймін…

– Неге?

– Айырбастаймын…

– Атама айтам…

– Жәй айтамын… беремін… сен жақсы бала екенсің, тұра тұр, кішкене әңгімелесейік…

– Апам ұрсады…

– Тұра тұр, сенен бір нәрсе сұрайын…

– Тез сұра…

– Мөлдір қандай қыз?

Жүрегім дір ете қалды… Сайтан Жұмақанның сол қызы мен үшін әлемдегі ең сұлу қыз болатын… Тез ер жетіп жігіт болсам, соны алсам деп армандайтынмын… Бірақ шешесі жаман… Жігіт болып сені келіншек қылып алам деп айтып ем, шешесіне айтып барған екен, шешесі мені ұстап алып: «Тентек, менің қызымды аламын десең, атаңның көк бұқасын, сонымен бірге Есен ағаңның күрең төбелін қалың малға бересің!» – деген. Атамның көк бұқасын берер ем… Ал, Есен ағамның күрең төбелін… Жоқ, қызын бермесе қойсын… Күрең төбел болмаса, Есен ағам… Жоқ болмады… Әйемнің жалбасын берем деп ем… Қу шешек, күрең төбелді бермесең, қызымды бермеймін деп құйрығымнан шапалақпен бір салып қуып жіберген. Бірақ мен Мөлдірді әлі ұмыта қойғам жоқ. Жігіт болғанда алып қашып кетем деп ойлайтынмын. Енді Мөлдір де бойжеткенде тура осы қыздай әдемі болса ғой деп ойладым… А, жоқ, мына қыздай әдемі бола алмас… маңдайындағы тас тіліп кеткен тыртығы, бетіндегі секпілі…

– Мөлдір екеуміздің қайсымыз сұлумыз?.. Қыз сайқалдана күлді.

Мен ойланғам жоқ… ойланатын да дәнеңесі жоқ-ты.

– Сен сұлусың…

– Мені алғың келмей ме?..

– Жоқ, мен әлі кішімін… Сені Есен ағама алып берейін…

– Жоқ, Есен мені алмайды… Барысқанның қарындасына сөз салып жүр…

Мен ойланып қалдым. Барысқанның қарындасын танимын. Анда ел орта жайлауға көшерде маған көп тәтті берген. Жақсы қыз… бірақ мына қыздай сұлу емес.

– Мен сені өсіп, Есен ағаң сықылды үлкен жігіт болғаныңша күтемін…

Мен тағы ойландым. Мен Есен ағамдай болғанша әлі он бес жыл… Оған дейін бұл қыз қартайып кетеді ғой…

– Мен жігіт болғанда сен кәрі қатын болып қаласың, – деп бұртидым…

– Жоқ, мен қартаймай күтемін… Сен апаңның сандығының түбіндегі күміс сақинаны әкеліп берсең… қыз тағы аярлана күлді…

– Сенбеймін…

– Онда көк бұқаны бермеймін…

Менің де шамалы қулығым бар. Соған басқым келді… Атам бір жаққа барарда –« Мен атамның қасқа құлынымын», – деп, басымды шұлғып-шұлғып жіберіп, тай болып кісінегенде атам айтатын: «Әй, менің қу құлыншағым-ай!» – деп ақыры ертіп кететін… сол қулыққа басқым келді.

– Жарайды, келістік… Сен алдымен көк бұқаны бересің, мен ертең сақинаны әкеліп беремін… қыз менің қулығымды білмей қалды ма, әдейі сенді ме білмеймін … анадайда осқырына үріккен құла құнанды қуып жүріп ұстап әкеліп берді де, мені лып еткізіп құнанның үстіне қондыра салды… Менің құнаным да бүлдіргенді аямай жеген бе? ышқынып барып қыз-қызыл қылып сиіп жіберді… Көк бұқаны алдыма салып қуалап мен үйге қарай тарттым… Түн болып айнала қап-қараңғы болып кеткен… Жүрегім атша тулап қорқа бастадым…

«Ерменсайдан» шыға көк бұқа өкіріп, астымда құла құнан шыңғыра кісінеп ауылға қарай заулады… Көкбұқаның мынадай қорқынышты дауысын естіп көрмегем, қатты қорқып кеттім. Құла құнаннан ауып қалмайын деп жалына жабысып мен де бажылдап жылап келем…

Мен есімді жиғанда біздің алты қанат кең үйдің іші тола адам екен. Тура бас жағымда Әдеп бақсы отыр.

– Есін жиды…

– Есін жиды…

– Періштесі қаққан-ғой…

– Көк бұқа мен құла құнан да бауырымен жер соғып, орындарынан тұра алмай жатыр…

– Қорқуды білмейтін күнәсіз сәби ғой, ересек адам болғанда жүрегі жарылып өліп қалар еді… кәрі құдағи менің сол қолымды уқалап отыр екен…
(жалғасы бар)