el24.kz Қазақстанның мәдениет саласын дүр сілкіндірген оқиғаға байланысты ресми мәліметтер жарияланды. “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісі Ғалымжан ауыр соққыға жығылып, бұл оқиғаға қатысты топтың бұрынғы мүшесі Мұқасан Шахзадаев айыпталды. Құзырлы органдар бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, Ғалымжанның қазіргі жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оның қолы мен мұрнының сынғанын, бетінің қатты ісінгенін және көгергенін растаған. Алдағы күндері оған мұрнына күрделі ота жасалмақ. Заңгердің сөзінше, бұл оқиға тек денсаулығына ғана емес, шығармашылығына, кәсіби жұмысына да ауыр зиян келтірген. Ғалымжан қазір түсіріліп жатқан фильмнің басты рөлінде болғанымен, түсірілім тоқтап қалған. 40 адамнан тұратын кино тобының жұмысы уақытша тежеліп отыр.
Оқиғаға қатысы бар деп күдіктелген Мұқасан Шахзадаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органдар тараптардың жауаптарын алып, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Барлық шешімдер тергеу аяқталғаннан кейін ресми түрде жарияланатыны хабарланды.
