el24.kz Шымкент қаласында әкімдік қызметкерінен ақша бопсалады деген күдікпен жергілікті блогер ұсталды. Тергеу дерегінше, ол әлеуметтік желіде әкімдік жұмысы туралы теріс ақпарат жарияламау үшін 10 миллион теңге сұраған.

Қалалық Полиция департаменті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тінту барысында оның үйі мен жұмыс орнынан электронды құрылғылар мен өзге де заттай айғақтар алынған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Алдын ала мәліметке сәйкес, блогер мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялаймын деп қорқытып, қызметкерден қаржы талап еткен.

Құқық қорғау органдары аталған әрекет Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі «Бопсалау» бабына сай қаралатынын ескертеді. Бұл бап бойынша айыпталушы жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазір істің толық мән-жайы анықталып жатыр.