Ауылымызға жетер жолда Ұшқатты деген жер бар. Аты айтып тұрғандай осы бір кіл бұрылыстан соң құлдырап төмен қарай ұшып, сайға түскен бойда тағы да кілт бұрыла жоғары өрлеу керек.
 
Аса жіті қимылдап, қапы қалмастай тежегішті басып, жылдамдықты азайтып, кейін өрге көтерілу үшін қайта жылдамдық қосып үлгеру, әсіресе, қыстың күні өте қиын.
 
Автобус және жүк көліктері болмаса, тау баурайында жатқан ауылға көп аса көлік те келе бермейтін (Жеке көлік деген жоқ кез ғой). Жол апаты болмасын деп қыста сол жерде бульдозер трактор сияқты ауыр техникамен көмекке дайын ғып, кезекке қоятын.
 
Боран соғып, әсіресе, жол тайғақ болғанда адам толы автобусты сүйреп өрге шығарып, құлдилай төмен құлдырай ұшатын жерден өткенше қарап тұрады. 
 
Менің тракторшы ағам жиі кезекке кететін еді. Көбіне автобус   жүретін уақытқа қарай  барады. 
 
Тап осы жердегі елес туралы бала кезде естігеніммен бөлісейін. 
Ұшқаттыға жеткенше көлік өрге ыңыранып әрең көтерілетін тұс бар.
 
1-2- жылдамдықпен ыңыранып көтерілем дегенше ішің пысады. Шаршап келе жатқан жүргізушіні әдетте тап осы жерде ұйқы қысады. Апат сол себептен болады деп жататын жұрт.
 
Әлгі кілт бұрылып төмен құлдырайтын тұста көзі ілініп кетіп, ұшып кетіпті дегенді қанша естідік. Ұшқатты деп аталатыны содан. 
 
Бірде біздің үйге облыс орталығынан бір кісі жүк көлігімен келді. Сол жүргізушінің бәріміздің аузымызды аштырып айтқан әңгімесі есімде қалды. Өзінің де аң-таң болып айтқаны: 
 
"Өрге жақындап келгенде алдымнан бір қыз шықты. Ұйқы басып келе жатқан. Қуанып кеттім" деді ол. Сол маңда малшы қыстақтары көп болғандықтан түн ішінде не ғып жүр деген ой болмайды ғой. 
 
Тоқтап, мінгізіп алады. "Сөйлесіп баратын жақсы болды. Әйтпесе кірпігім айқасып, арпалысып келе жатыр едім" деп  самбырлап сөйлеп келе жатады. 
 
Құлдырап төмен құлайтын тұсқа кеп қалғандықтан қасындағы қызға қарауға мұрша болмайды. Рөлге жабысып, көзін жолдан алмай, көліктің доңғалағы тайып кетпеуін қадағалап, манағыдай емес ұйқысы шәйдай ашылады. 
 
Әбден өтім-ау дегенде, "ух!" деп: "Әупірімдеп өттік-пе, ә!" деп қасына қараса... О, тоба?! Ешкім жоқ. Қыз қайда?
 
Өз көзіне өзі сенбейді. Түсіп қалды дейтін емес. Жүріп келе жатқанда есіктің ашылып-жабылғанын естуі керек қой. Тоқтап мінгізіп алғаны, қасында отырғаны анық. 
 
Жұп-жуан қос бұрымын алдын салып, шашының ұшын тарақтай ұстаған сүйрік саусақтары көз алдында. 
"Апырмай,ә! Бұ қалай? "
 
Көліктен түсіп, біраз кері жүріп, жан-жағына қарап біраз тұрады. Түс көрдім бе дейтін емес. Сол қайран қалған күйі ауылға жеткен екен.
 
Содан тап осы жағдайды басынан өткерген бірнеше адам болды. Бәрінің айтатыны бірдей. Қос бұрымы беліне жететін әдемі қыз өрге шығатын жерде көлікке отырады, қауіпті жерден өткенде жоқ боп кетеді.
 
Үлкендер "періште қыз қорғап жүр" деп ол жерден өткенде білетін дұғаларыңды айтып өтіңдер дейді. Сол жылы қыста жолдың сол бөлігінде бірде бір көлік апаты болмады.
 
Мен ауылдан кеткелі 38 жыл. Ұшқаттыдағы періште қыздың елесі әлі бар ма, жоқ па, білмеймін. Батыс Қазақстан облысы жақтағы қыздың елесі туралы хабарды оқығанда осы оқиға есіме түсті.
 
Бақыт Жаншаева