el24.kz Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Республика күніне орай ерекше челлендж өтті. Білім ордасының 100 студенті Құрманғазы Сағырбайұлының әйгілі «Балбырауын» күйін бірге орындады. Шара «Менің Қазақстаным» атты патриоттық акция аясында ұйымдастырылды.

Акция Мемлекеттік Тәуелсіздік декларациясының 35 жылдығы мен Республика күніне арналды. Шараға әр түрлі мамандықтың студенттері қатысып, ұлттық мұраны дәріптеу, жас ұрпақ арасында күй өнерін насихаттау мақсатын көздеді.

Университет өкілдерінің айтуынша, мұндай бастамалар жастардың патриоттық рухын көтеріп қана қоймай, домбыра өнерінің кең таралуына ықпал етеді.

— Домбыра — халқымыздың рухани коды. Жүз домбырашының бір уақытта күй орындауы — бірлік пен ұлттық құндылыққа деген құрметтің көрінісі, — делінген ұйымдастырушылар мәлімдемесінде.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты. Ұйымдастырушылар мұндай акцияларды дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.