1954 жылдың қыркүйегі болар, сірә. Микоян колхозының орталығы Қарағайдағы бастауыш мектептің екінші класында оқимын. Жұмақшам ағам – колхоздың қоймашысы. Алдында завфермі еді, сонау теңіз жағасындағы Қайыршақтыға мал қыстатып, қатты қыста қойы көп шығынға ұшырап, орнынан түсіп қалыпты.

Жем өзенінен бөлініп шығып, Қамыскөлге құятын Құрсай саласының жағалауындағы шағын жертөленің бір жағында біздің, екінші жағында Ізғара ұстаның үйі.

Ізғара ұстаның қолынан келмейтіні жоқ, алтын мен күмістен қыз-келіншектердің әшекей бұйымдарын соғатын. Тұрмыстың жұтаңдығы болар, қыста қараторғайға жылқының қылынан тұзақ құрамыз да, азын-аулақ жем шашып, есіктің алдында аңдып отырамыз.

Біреуі тұзаққа түссе, бәрі пыр етіп ұшып кетеді де тұзақтағысы жанталасып жатқанда жүгіріп барып, ұстап аламыз. Күніге 4, 5-еуін ұстасаң бір үйге сорпа болады. Бірақ айтайын дегенім бұл емес. Жем тасыған кезде Құрсайға су жүреді, сол кезде ауыл адамдары ау салып балық аулайды. Бірде үлкендер ау тартып жүрген еді.

Күн кешкіріп қалған. Балықшылар әудемжерге ұзаңқырап кетіпті. Өзен бойымен соларға келе жатыр едім, көзім жағада жатқан кебіске түсті. Күнде аяғынан көріп жүрген Ізғара қарттың кебісі. Ізекең ау тартушылардың ішінде жүрген.

Ала кеткім келіп, оқталдым да «өздері алар» деп алмай кеттім. Ізекеңнің менен бір жас үлкен қызы бар еді, соған: «Төренай, папаңның кебісін тастап кетіпсіңдер ғой, анда жатыр» дегенім сол еді, ол: «папамның кебісі, міне» деп шелектен суырып алып кебісті көрсеткені. Айнымаған сол кебіс. Кейін әжеме айтқанымда: «Ұстамағаның дұрыс болған, құлдығым!» деген.

Әдемі құс

Сол Қарағайда. Біздің үйдің қасында ашық жатқан ескі жер төленің орны болатын. Бірде жертөленің жанынан өтіп бара жатып, ішінен бір әдемі құс көріп қалдым. Тауық емес, қаз емес, үйрек емес. Түрлі түске боялған қанаты бар, бірақ ұшпайды. Шұңқырдан шыға қашты, мен тұра қудым. Жүгіріп-ақ жеткізбеді.

Біраз жерге дейін қуып, қалып қойдым. Ауылдан ұзағым келмеді. Ондай құсты әлі көргенім жоқ. Егер ұстаймын деп қуа бергенде ше?

Ақ қасқырым, қайдасың?

1964 жылдың қыркүйегі. Құлсары поселкесіндегі Абай мектебінің 11-класын бітірген соң, Алматы қаласындағы зоовет институтына түсе алмай келген бетім.

Ол кезде біздің үй «Коммунизм таңы» совхозының №2 фермасына қарайтын Алтынтапқан жайлауында отыр екен. Құлсарыдан бастап Жем өзенінің екі бетін жағаласақ – Қарағай, Молхат, Шыңдауыл, Ақкиізтоғай, Омартоғай, Жыңғылтоғай, Бақа, Қазбек, Жанбике, Аманбайтоғай, Алтынтапқан, Қаражар, Қарауылкелді болып кете береді.

Мектеп балалары оқуға кеткен. Келе жұмысқа кірісіп кеттім. Таңертең ерте өрген отарды түсте суатқа айдамақ болып, ауылға жақындатып тастап, шай ішуге аттан түскелі жатыр едім, анадай жерден көзіме тік шаншылып тұрған ақ сырық шалынды. Бұрын ол тұста ештеңе жоқ еді. Әлгі сырық менің назарым түскенін бірден сезіп, қимылдағанда ақ қасқырға ма, не ақ төбетке ме айналып кетті.

Атымнан түспей қумақ болып, солай шаптым. Денемді белгісіз үрей ме, бірнәрсе билеп алды, ауыл иттерінің атын қосып «айтақтаймын». Менің дауысымды еститін иттер де жоқ, бұрын сәл нәрсеге өре түрегеліп шабалаңдайтын. Астымдағы атым да, қамшымен қанша сабаласам да көсіліп шабуға құлықсыз, аяғын баспай текіректеп келеді.

Қасқырыңыз да көсіліп қашқан ештеңесі жоқ, жанары аса ызғарлы емес, артына қарап қойып, жортақтап барады. Сонда да бетімнен қайтпай біраз жерге қуып тастадым.

Маңайда қоңсы ауылдарда жоқ еді. Неге екенін бұл оқиғаны ешкімге тіс жармадым, көп ұзамай ұмытып кеткем. 1985 жылдың 22 апрелінде жаңадан ашылған Бейнеу аудандық «Ленин жолы» газетіне редактор болып келгенмін. Бірде аупарткомның бірінші хатшысы Дүйсембі Әріпұлымен «Қарақұм» совхозының Ырғызбай – Қарасай жайлауындағы шопандарды аралауға шықтық.

Әуелі екі машина болып шыққанбыз, яғни аудандық халықтық бақылау комитеті төрағасы Шамардан Аманғалиев өз машинасымен. Жолда оның «УАЗ»-ының радиаторынан су ағып кеткесін, кейін жібертіп тұрып Дүйсекең «Иең қайда ақбозат?» деп жеңгеміз уайымдайтын болды-ау,–деп әзілдеген.

Енді Шамардан аға да біздің жанымызға отырды. Бір шопанның ауылының қотанына келіп тоқтағалы жатыр едік, иә, жатыр едік, бізге 400–500 метрдей жерден, бұдан 22 жыл бұрын көрген ақ сырықты көзім шалып қалды да:

– Қасқыр – дедім.

– Кәне?

– Әне. Қолымды шошайтқан жаққа қарап, олар да ақсырықтан ақ қасқырға айналған аңды көрді. Анық ақ қасқыр. Дүйсекең шөпіріне «мылтықты шығар» деді. Машина ішінде қарбалас болып жатқанын ол да сезгендей, қимылдай бастады. Мылтықты алып жатқан жігітке бір көз қиығын салып, нысанамызға қайта қарап едім, орнында ештеңе жоқ. – Көрінбейді, – дедім.

– Тез жүр, ойға түсіп кеткен шығар, – деді Дүйсекең шөпіріне, мылтығын алдына оңтайлап. Жолсыздың нағыз машинасы «УАЗ»-да әлгі жерге жетіп барды. Ештеңе жоқ. Бір орамды сүзіп шықтық, зым ғайым. Әлгі ауылға қайтып келдік. «Тал түсте ауылдарыңды қасқыр торып жүр ғой, сақ болыңдар», – деді Дүйсекең шопанға.

Бұл оқиғаны да ұмытып кеттім. Енді ғана ойыма жиі алатын болып жүрмін. Жастықтың, жоқ жастық емес қамсыздықтың, жоқ қамсыздықта емес есуастықтың (дәл солай), ең бастысы, атеистік көзқарастың салдарынан кезінде аса мән бермеппін. Қазір сол ақ қасқырды іздеймін. Неге қуып, үркіттім екен? Тіпті соңғысында мылтық та табылып атып тастай да жаздадық-ау! Үшінші рет көрінбей кетті.

Қайдасың ақ қасқырым, көзіме бір көрінші! Қумайын. Аялайын. Кезінде көп қауып-қатерден сақтағаныңды енді біліп жүрмін. Ылғи да жанымда жүреді екенсің. Кешірші мен бейбақты, аруақ!!! Машинаны қуған құлын – Фазендіге кеттік, – деді.

– Жұмаберген ерекше көтеріңкі көңілмен. Көңілі көтеріңкі болатын да орны бар. Өйткені 1991 жылдың жазында «Қарақұм» совхозынан бір отар қойды жекешелендіріп, шаруа қожалығын ашқан, аудан ғана емес, Маңғыстау облысының тұңғыш қарлығашы.

Фазендісі әзірге – құмның ішіндегі бір отар қой сиятын катонқора және екі пәтерлік малшы үйі. Кезінде совхозда бас экономист, жұмысшылар комитетінің төрағасы болған Жұмаберген Жарылғасовтың бұл бастамасын кілең «мен атайын сен тұр» қарақұмдық әріптестері Киікбай Жарықбасов, Жұмажан Басшиев, Бағыт Құрымбаев, Асхат Лұқпанов іліп әкеткен...

Сонымен тыңнан түрен салып, атағын аспанға бір шығарған құрдасым Жұмаберген фермердің фазендісіне келіп, шопаны Лескеннің марқасының басын мүжіп, бір-екі шишасын босатып, осы отарда қосулы тұрған он шақты қойымның екеуін газиктің астауына салып алып, Бейнеуге тарттық. Ырғалып-жырғалып жүргенше сағат түнгі он бірді соқты.

Әскерге жүретін Ғапу балама «жол болсын» деп ертесіне бір мал садақа таратып жіберу – жоспарым. Сондықтан үйге жетіп қонуым керек. Кабинада шөпір, ортада Жұмаберген, шетте мен. Опорныйдан 20–30 шақырым шыққан кезде артымыздан дүсірлетіп қуған, кісінеген даусы құмығып шыққан құлынның даусы естілді.

Тұяғының дүсірі мотор гүрілінен де асып, құлақты жарып барады. Үшеуміз де естідік. Мен шөпірге тұр, дедім. Тұрды. Осы кезде құлын кісінеген күйде жаныма шауып келді де шорт бұрылып, кейін шапты. Мен қапелімде құлынға бұрылып қарамадым. Қарамасам да құлынның тұлғасы, түртүсі көз алдымнан өтті. Жүдеу, сұр жабағы, маңдайы қасқа.

– Кейін қайт, әлгі құлынды ізде! – дедім. Шөпір бұрылып, кейін салды. Құлын жоқ. Әрбері жүргесін шөпір «аға, бензинім аз, кейін қайтайық» деді де машинасын бұрып жолға салып тұрды.

Бәріміз жерге түсіп, тың тыңдадық. Аулақта таласып, шайнасып жатқан айғырлардың дыбысы келді менің құлағыма. Қараңғыда тұрған жерімізді «Байқұл» кауымының тұсы-ау деп шамаладым. Бұл қауымда атам Өтегеннің әкесі Қалмырза бабамыз жатқан. Өзге де рулас бауырлар бар еді. Келемемізді қайтарып, жүріп кеттік.

Үйге келсем Опорныйда тұратын інім Құдайберген бір қойын сойып әкеліпті де зайыбым Жәукен садақаны өткізіп жіберіпті. Таңертең сыртқа шығып тұрып, өз көзіме өзім сенбегенім. Қызық әрі тосын көрініс болды. Түнде бізді қуған маңдайы қасқа, жүдеу, сұр жабағыны өріске мал шығаратын орыннан екі баланың бірі жетектеп, бірі артынан айдап барады. Сонда бұл не? Бізді әлгі белгісіз күш осы жабағының кейпіне еніп қуғаны ғой. Тұяғының дүсіріне қарағанда ол машинаның астауында болған деп түйдік. Шешуі қиын, тылсым дүние!!!

Айтуар ӨТЕГЕНОВ

Дереккөз: mangystaumedia.kz