el24.kz Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қоғамды дүрліктіретін, тіпті қорқыныш туғызатын бейнероликтер көбейді. Әсіресе «пранк» форматындағы видеоларда азаматтардың намысына тиіп, психологиялық соққы келтіретін көріністер жиіледі.
Мәселен, елордалық блогерлердің бірі достарымен бірге жеделсатыда адамдарды әдейі қорқытып, бейнежазба түсірген. Ал Алматыда жас блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, мазақ еткен видео таратқан. Мұндай әрекеттер қоғамда наразылық туғызды.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Нартай Арайбұлы өрескел пранк жасаушыларды жазаға тарту мәселесін көтерді.
«Адамдарды әдейі үркітіп, олардың психикасына әсер ететін мұндай бейнероликтер қоғамда агрессияны күшейтеді. Еркіндік пен жауапкершілік қатар жүруі керек. Блогерлік атақ қуалау ешкімнің намысына тиіп, қауіпсіздігіне қатер төндіруге себеп болмауы тиіс», – деді депутат.
Халық қалаулысының пікірінше, мұндай контенттерді әзірлейтін блогерлерге қатысты заңнаманы күшейту қажет. Қазір мұндай істер Әкімшілік кодекстің 434-бабымен («Ұсақ бұзақылық») немесе Қылмыстық кодекстің 293-бабымен («Бұзақылық») қаралуы мүмкін.
Депутаттың ұсынысы – қоғамдық қауіп төндіретін пранктерге арнайы бап енгізу, яғни әлеуметтік желі арқылы үрей тудыруды жеке құқықбұзушылық ретінде тану.
«Көру санын арттыру үшін елдің зәресін алу — өнер де, ерлік те емес. Мұндай контенттер қоғамның моральдық деңгейін төмендетеді. Әр блогер жариялайтын материалы үшін заң алдында жауап беруі тиіс», – деді Нартай Арайбұлы.
Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі блогерлердің қызметін заңмен реттеу жөніндегі түзетулерді әзірлеп жатыр. Егер ұсыныстар қолдау тапса, пранк арқылы жұрттың психикасына әсер ететін бейнелерге нақты жаза қарастырылмақ.
