el24.kz Қазақстанда азаматтарды телефон арқылы гипноз жасап алдау фактілері жиілеп отыр. Жуырда 21 жастағы тұрғын Сәния белгісіз адамдардың арбауына түсіп, 800 мың теңгесін өз еркімен беріп қойған. Жәбірленушінің айтуынша, қоңырау шалғандар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, психологиялық әсер арқылы әрекетін толық бақылауға алған.

КТК арнасына юерген сұхбатында, Сәния Алмабек:, алаяқтар өздерін «Халық банкінің қызметкерлеріміз» деп таныстырып, оның атынан несие рәсімделгенін айтқан. Қыз бұл ақпаратты жоққа шығарғанымен, ар жақтағы адамдардың дауысы оған гипноз секілді әсер етіп, айтқанын істеткен.

Экстрасенстер де мұндай ықпалдың болуы мүмкін екенін растайды.
Экстрасенс-медиум Әли Хайдардың айтуынша, гипноз тек көзбе-көз емес, телефон, видеобайланыс және аудио арқылы да жасалуы мүмкін. «Гипноз дауыс арқылы беріледі. Әсіресе сенгіш, аңғал адамдар тез ілінеді. Сондықтан алаяқтар “тыныш жерге барыңыз” деп талап етеді. Өйткені жанында кедергі болатын адамның болмауы қажет» — дейді ол.

Бұл жағдай қоғам мен мемлекеттік органдардың назарын аударып отыр.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв азаматтардың «зомбидей» әрекет етіп қалатынына таңданысын білдіріп, мұндай алаяқтықтың алдын алу үшін қабылданып жатқан шараларды айтты. Оның сөзінше, «Банктер туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді несие «бір күндік ойлану мерзімінен» кейін және тек адамның банкте жеке өзі баруымен рәсімделеді.

Депутаттың айтуынша, егер қаражат ел ішінде болса, оны қайтаруға мүмкіндік бар, ал шетелге шығарылып үлгерген жағдайда қаржыны қайтару іс жүзінде мүмкін болмайды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі алаяқтықпен күрес мақсатында 18 қарашадан бастап жаңа шектеу енгізді. Енді бір адамның атына 10 SIM-картадан артық тіркелмейді. Бұл алаяқтардың жүздеген номерді бірден пайдалануының алдын алуға бағытталған.

Министрлік өкілі Азамат Серіктаевтың айтуынша, антифрод жүйесі абоненттердің күмәнді белсенділігін, жеке деректерге сұраныстарды және деректерді тарату әрекеттерін автоматты түрде анықтап, күдікті номерлерді бұғаттайды.

Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері азаматтар 50 млрд теңгеге жуық қаржысынан айырылған, оның тек 3 млрд теңгесі ғана иелеріне қайтарылған. Ал соңғы он айда әлеуметтік желілердегі ескертулерге қарамастан 23 мыңнан аса адам алаяқтардың құрбаны болған.

Құзырлы органдар халықты тағы да сақ болуға шақырды. Бейтаныс адамдарға жеке деректерді, әсіресе SMS-кодтарды, растау нөмірлерін және банк деректерін бермеу керектігін ескертті.