Астанада жедел жәрдем қызметкері болып еңбек еткен 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қызметтік міндетін атқару барысында алған ауыр жарақат салдарынан көз жұмдыдеп хабарлайды el24.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпқабатты тұрғын үй кешені маңында болған.
Үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер құрылғысы төменге құлап, бірнеше адам жарақат алған кезде жедел жәрдем бригадасы дереу көмекке келген. Ұлдана сол сәтте зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп жүрген.
Үшінші адамға қарай жүгірген кезде үстінен кондиционер құлап, оның басына қатты соққы тиген. Фельдшер ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, он күн бойы жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан. Дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм фельдшердің қызметтік борышына адалдығы мен қиын жағдайда көрсеткен жанқиярлығы үшін Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
Қайғылы жағдай бойынша тергеу басталды. Құлаған қаптама мен кондиционердің нақты неден ажырап түскені анықталып жатыр. Құрылыс нормаларының сақталуы, техникалық қызмет көрсетудің жүргізілуі және жауапты тұлғалардың әрекеті толық тексерілмек. Бұл оқиға елордадағы тұрғын үйлердің қауіпсіздігіне қатысты мәселені қайта көтеріп, мамандар көпқабатты ғимараттардағы сыртқы құрылғыларды тұрақты тексеріп отырудың маңыздылығын атап өтуде.
Ұлдана Мырзуанның қаза болуы – бүкіл ел үшін ауыр хабар. Ол қызметке адалдығымен, адам өмірі үшін өз қауіпсіздігін де елемеген жанқияр жүрегімен есте қалды. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
