Аты – жөнім Ақылбекова Рәзия. Жалғызбасты анамын. Жолдасым осыдан үш жыл бұрын жүрек талмасынан көз жұмған болатын. Содан бері жалғыз ұлым Жалғас екеуіміз бір-бірімізге тіреу болдық. Әкесінің қазасынан кейін есеңгіреп қалған ұлым қиналғанын білдірмеуге тырысып бағатын, мойнындағы жауапкершілікті сезініп, үнемі отбасындағы ендігі ер азаматтың өзі ғана екендігін бірден түсінді. Әкесі дүние салғанда 10-сыныптың ортасында оқып жүрді де, кейін мектепті тездетіп бітіруге асықты. Бітірісімен оқуға сырттай тапсыра салып, өз бетінше жұмыс жасауға кірісті. Еңбектеніп, нанын жегізді маған. Алайда қуанышым ұзаққа созылған жоқ...
Бір жарым ай бұрын ұлым жұмыстан кешікті. Хабарласып мән-жайды да анықтай алмадым. Мүмкін болмады. Келіп қалар деп, көз ілгенім сол еді, түн ішінде соғылған қоңыраудан шошып ояндым. Тезірек орталық ауруханаға жетуімді сұрады. Алып ұшып ол жерге де жеттім, ал ұлым болса, мен келерден 5 минут бұрын ғана көз жұмыпты. Мына дүниеге деген бар өкпе-назымды айтып, зар жылап қала бердім... содан бері қырық күндік асын да атқардым. Бірақ бір қызығы дүние салғаннан бері тура қырық күн бойы ғана түсіме кіріп жүрді де ғайып болды. Соңғы рет осыдан бес күн бұрын ғана кірді, күнде көріп әдет қылып алдым ба, әйтеуір түсіме енбеген күндері сағынатын болдым.
Алғашында онша мән бермейтін болдым, түсіме кіреді де ақыл айтады. «Анашым, көп жылай бермеңіз. Мен де сізді сағындым. Машинаға мінгенде міндетті түрде белбеуді тағынып алыңыз» деп ескертетін. Кейін тіптен ертеңгі күнімде не болатынын айтатынды шығарды. «Анашым қиналып жылай бермеңіз. Қайғының артында қуаныш болады. Ертең көресіз күтпеген жерден бір қуанышқа тап боласыз» деп айтқан күннің ертеңінде, туған інімнің ұлы келін түсіріп үйіне бардық. Ол ол ма, тағы бір күні ұлым әдеттегідей түсіме еніп «Анашым, біздің үйге көптен келе алмай жүрген кісілер бар, сол кісілер үйге келеді, ертең жұмысқа бармай-ақ қойыңыз» деп тағы бір ескертті. Расымен де ертеңінде жолдасым қайтқанда келе алмаған алыс туысқанымыз сонау Тараздан көңіл айта келген екен. Мұндайға әдеттеніп алған мен тіптен ертең не болады екен деп, тез ұйықтап кетуге асығатын болдым. Ұлым не айтса, соны ғана істейтінді шығардым және ол солай орындалды да. Ең соңғы күн түсіме енгенінде «Анашым мен жер мен көктің арасында сізді қарайлап жүремін, жалғызбын демеңіз. Үнемі дұғада болыңыз» деді де ғайып болды. Артынан еріп кеткім келіп қолымды соза бергенде оянып кеттім. Кейін мүлде түсімнен жоғалды.
Сәлеммен Рәзия. Атырау қаласы.