Өз әжем, арғы аталарынан қасиет қонған, ел арасында емімен белгілі кісі болса да, «жолын жауып тастапты, жолын аштырып, ісі оңға басыпты» деген сөздерге еш сенбейтінмін. Әжемнің қолында өскендіктен, ол кісінің талай адамды емдеп, науқасынан айықтырғанын талай көргем. Балалық па, еркелік пе, әжемнің ем-домына аса мән бермейтінмін. Үйге бейтаныс кісілер көп келетінін де ескермей, қалай болса, солай киініп жүре беретін едім. Күндердің-күнінде әжем «Балнұр, сен енді бойжеткен қыз болдың, бойжеткен қызға елдің көзі түседі, тыртитып ласина киініп жүргенді қой» деді. Баяғы шолжаңыма салып «ой, қойшы, әже» деп өз білгенімді істеп жүре беретінмін.
Мектепті бітірген соң, оқуға түспедім. Шынымды айтсам, мектепті жақсы оқымаған соң «оқуға түсе алмай, құлап қалыпты» деген атақ алғанша, бірден жұмыс істейін деп шештім. Қалада сатушы болып істейтін бір ауылдас әпкеме көмекші болдым. Негізі жас кезімнен сауда жасауды ұнататынмын. Сондықтан болар сауданы тез меңгеріп алдым. Алты айдан соң жеке өзім басқа дүкенге сатушы болып орналастым. Бұл дүкен бұрынғы дүкеннен үлкен болса да, жалғыз өзім істеп жүрдім. Жалақыға қоса, түскен табыстан пайыз алып отырам. Сауданың айналымы жақсы. Бір жылдай істеген соң қасыма көмекші алдым. Өйткені жалғыз істеу ауыр болып кетті.
Солай тағы бір жыл жұмыс істеген соң, 10 күн демалыс алып, ауылға бардым. Әке-шешемнің амандығын білдім де, әжемнің үйіне тарттым. Әжем екеуміз мен соғыстан келгендей, жылап көрістік. Көрісіп болған соң да, әжем бетіме қарап, «құлыным-ау, жүдеп кетіпсің ғой» деп, қайта-қайта кемсеңдейді. Дастархан жайып, екі жылдан бері маған деп сақтап қойғандарының бәрін шығарып жатыр. (Қайран әжем). Кешкі астан кейін біраз әңгімелесіп отырдық. Әжем «сен бой жетіп, отау иесі болатын жасқа жеттің, үйде жүргенде шалбарыңды шешіп, көйлек ки, қалаға барған соң өзің білесің» деді. Бірақ мен сол баяғы шолжаңға салып, әжемнің сөзін ескермедім. (Қайран әжем, менің шолжаңымды сеннен басқа ешкім көтермейді екен ғой).
Кешке үйге құрбыларым келіп, түн ортасына дейін әңгіме соғып, кеш жаттық. Ертеңінде, түске қарай оянып, кеудеме футболка, бұтыма ласинаны киіп есік алдына шықтым. Есік алдында әжеме емделуге келген екі әйел мен екі жігіт тұр екен. Сәлемдесіп, беті-қолымды жууға өтіп кеттім. Кетіп бара жатып, арқа жағымнан маған біреудің тесіле қарап тұрғанын сезінгендей болдым. Бірақ қайта бұрылып қарауға ыңғайсызданып жүре бердім. Сол сәтте екі жауырынымның ортасынан шаншу қадалғандай, шым ете қалды. Беті-қолымды жуып болғанша, жауырынымның ортасы тесіліп бара жатқандай болды. Қайта үйге қарай жүргенде, жаңағы тұрған кісілердің арасынан бір әйелдің маған қадалған жанарын байқадым. Өне бойым дірілдеп кетті.
Сол күннен бастап екі жауырынымның ортасы жиі-жиі шаншитынды шығарды. Кейде қатты шаншып, түн ұйқымнан оянып кететін болдым. Бірақ, уайымдамасын деп ол жайлы әжеме айтпады. Демалысым бітіп, қайта қалаға аттандым. Кеткелі жатқанда әжем, «екі жауырыныңның ортасы ашып ауырмай ма?» деп сұрады. Мен «жоқ» деп мойындамадым. Әжем менің сөзімді естімеген кісіше, «егер мазаңды алып жатса, кешіктірмей кел» деді де, батасын беріп шығарып салды.
Қалаға барып жұмысымды жалғастырдым. Жұмысқа қызу кірісіп кеттім. Сондықтан болар екі-үш күн шаншуды сезбедім. Сонан соң «жазылған екем ғой» деп ойладым. Бірақ олай болмай шықты. Төртінші күні шаншу тағы басталды. Бірде қатты, бірде жай. Шыдап жүрдім. Сөйтіп жүріп бір ай өтті. Бір күні дүкеннің қожайыны тексеру жүргіземіз деді. Бұрын да бірнеше мәрте ондай тексеруді өткізгенбіз. Бірақ бұл жолы есеп-қисабымыздан кемшілік шықты. Қалай болғанын қайдам, 1 млн 223 мың теңге қарыз болдық. Сол уақытқа дейін жинап жүрген ақшамды қарызға төледім. Ол аз болғандай, тобығым тайып, жүре алмай қалдым. Сөйтіп жұмысты тапсырдым. Ауылға қайтудан өзге амал қалмады.
Бұл жолы әке-шешемнің үйіне соқпай, тура әжемнің үйіне тарттым. Үйге кіріп келсем әжем «аман есен құтылғаның қандай жақсы болды» дейді. Амандық-саулықтан соң «әже оны саған кім айтты?» десем, «аян берді» дейді. Сол күннен бастап әжем мені 10 күн емдеді. Аяғымның ауырғаны да, жауырыным ортасы шаншығаны да қойды. Ем біткен соң әжем маған бір түйіншек беріп, оны үнемі сөмкеме салып жүруді тапсырды. Айтуынша ол мені тіл-көзден, бәле-жаладан қорғайды, жолымды ашады.
Қалаға барған соң тез арада жұмыс табыла кетті. Дүкенге сатушы болып орналастым. Айлық жалақыға қоса пайдадан беретін пайызы да жоғары екен. Оған қоса, дүкен иесі өте мейрімді апай. Кейін екеуміз туыстай болып кеттік. Бір жылға жетпей Талғатпен таныстым. Одан кейінгі жылы шаңырақ көтердік. Отбасын құрған соң Талғаттың да жұмысы жақсы жүре бастады. Бұрын фирмада жүргізуші-экспедитор болатын, отбасын құрғаннан кейін қойма бастығының көмекшісі болып тағайындалды. Қалаға жақын ауылдан жер алып, шағын үй де тұрғызып алдық. Осы жағдайлардан кейін әжемнің менің жолымды ашқанына анық көзім жетті.
Бүгінде екі баламыз бар. Қазір әжемнің жасы 90-ға таяп қалды. Денсаулығы да сыр беріп жүр. Кейде «әжем қайтыс болып кетсе, оның маған жасап берген қорғанышы жойылып кетіп, баяғыда тиген көз қайта мазаламай ма екен?» деп қорқам. Әжемнің берген түйіншегін бүгінде мойныма тұмар қылып тағып алғам.
Назерке Шынғалиева