el24.kz Маңғыстау облысында бірқатар лауазымды полицейлерге қатысты “қылмыстық топ құрды” деген айып төңірегінде тараған ақпарат қоғамда үлкен резонанс туғызды. Осыған байланысты Ақтауға арнайы комиссия келіп, тексеріс жұмыстары басталды.
Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл жағдай бойынша департамент басшысы Сағындық Аяғанов өзі бастама көтеріп, Ішкі істер министрлігіне және тиісті мемлекеттік органдарға интернетте таралған ақпараттың анықтығын тексеруді сұрап ресми өтініш жолдаған.
“Департамент басшысы қоғам алдында ашықтықты қамтамасыз ету үшін тексеру жұмыстарына мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерін тартуды ұсынды”, — деп хабарлады Маңғыстау ПД өкілі.
Қазіргі уақытта ІІМ тарапынан арнайы топ өңірге келіп, материалдарды зерттеуге кірісті. Тексеріс нәтижесі бойынша қосымша ақпарат ресми түрде жарияланатыны айтылды.
Маңғыстау Полиция департаменті қоғамды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырып, толық әрі нақты мәліметтер тек тексерістен кейін ұсынылатынын жеткізді.
