Құралай Сейсенбекқызы
Құрсағыма сыймай аласұрғаныңда, Өмір мен өлімнің арпалысында дәрігер мені таңдапты. "әйелді аман алып қалу керек" дегенін естіп қойдым... Ота үстінде "Жоқ" деп жанұшыра шыңғырғаным сол, әлдебір құзға құлап бара жаттым. Зор дауыс мені қабыл алғысы келмей "кімсің "деп жатты. Кім екенімді есіме түсіре алмай қиналғаным ай сонда... Әппақ әлем көз ұшында бұлбұл ұшты. Есімді жиғанда дәрігер төсегімнің қасында басы салбырап отырғанын көрдім. Ол менің оянғанымды көріп терең күрсініп, үш оқталып орнынан әзер тұрды. "Сен тірі қалдың" деді. Шаршаса керек әрең қозғалып шығып бара жатты. Ал мен болсам бос кеуек басыммен кім екенімді, қайда жатқанымды есіме түсіре алмай дал болдым. Кенет "балам қайда" деп баж ете қалдым. Дәрігер кілт тоқтады. Теріс қараған күйі "сіз ұл тудыңыз" деді. "Ол қайда? Көрсетіңіз баламды"деп жанұшыра айғайладым. Дәрігер тағы да теріс қараған күйі " Бала іште әбден қиналған. Жан сақтау бөлімінде. Адам болуы екіталай. Дайын болыңыз "деді де шығып кетті.
Кесілген ішімді тарта байлап алып, Баламды іздеп палатадан қашып шықтым. ұсталдым. "Ұлыма барам, жіберіңдер" деп медбикелермен арпалысып жатқанымды көрген дәрігердің жаны ашыса керек, мені ұлымның қасына апарды. Дамылсыз шыңғырып, дамылсыз дір дір еткен шақалақтың тұмсығы көкпеңбек. Аласұрып, демалыссыз шыңғырып, демалыссыз дірілдеген сәбиді көргенде бойымды үрей биледі. Кілт кері бұрылып, есікке беттедім. Қолымнан тартып қалған дәрігер "баланы қолыңызға алғыңыз келмей ме?" деп ұстап қалды. Маңдайынан, тамағынан, шашынан аймалай сүйгенде бөбектен өлімнің емес, өмірдің жұпары аңқып тұрды. Бірақ ессіз дірілі есімнен тандырғандай өзім де шайқалып кеттім. Демалыс үшін Танауына тағылған аппаратты жалма жан алып тастап, алпыс екі тамырымды идірген ақ сүтімді аузына тостым. Ол ауа жетпей аласұрып тұншығып жатып та мені, анасын танығанына сендім. "сен өмір сүруге тиіссің" дей бердім. Сол жарты сағат менің жарты ғұмырымдай азапты еді... Дәрігер шығып кетті. Қайтып келіп, есікті ашқанда мен тып тыныш ұлымды емізіп отырғанымды көрді. "екі күн, екі түн диагнозын таппай күдер үзгендей болып едік. Диагнозы мамасы екен ғой" деді жанары жасқа толып.
Туған күніңмен Дархан !
Р.S.Дарханды туған күнімен біз де құттықтаймыз! Ғұмырлы болсын періште!