el24.kz «Жангелдин ісі»: Малшы мен бақташының куәлігі сотта жаңа жайттарды ашты
Атырау облысында қоғам назарын аударған Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасуда. Кезекті сот отырысында куәгер ретінде ауыл тұрғыны Дархан Бақытов пен ауылдың бақташысы жауап беріп, оқиғаға қатысты өздеріне белгілі мән-жайларды баяндады.
Дархан Бақытовтың айтуынша, 2025 жылдың 9 қарашасында оған Наурыз Мұқанғалиев WhatsApp арқылы хабарласып, мал бағу жөнінде ұсыныс жасаған. Тараптар күніне 3 мың теңге көлемінде ақы төлеуге келіскен. Куәгердің сөзінше, еңбек ақысы Мақсот Қарабалиннің Kaspi Gold картасы арқылы аударылып отырған.
Бақытов қараша айының ортасында Наурыз Мұқанғалиевтің тапсырмасымен қорадағы малды сатып алуға келген адамдарға көрсеткенін айтты. Оның сөзінше, Наурыз ата-анасының емделуге кеткенін айтып, малға қарауды жалғастыруды сұраған. Куә бұл ақпаратқа сенгенін және ешқандай күмәнданбағанын жеткізді.
Сонымен қатар, куә марқұмдардың малын шамамен екі жарым ай баққанын, кейін еңбегі үшін бір сиыр беруге уәде етілгенін айтты. Ол мал бағып жүрген кезеңде үй мен сарайға кірмегенін, сондай-ақ күдік тудыратын ешқандай белгіні байқамағанын мәлімдеді.
Сотта жауап берген екінші куә – ауылдың бақташысы. Ол көктемнен күзге дейін ауыл тұрғындарының ірі қарасын бағып келгенін айтып, сәуір айында Мақсот Қарабалин өзіне төрт сиыр тапсырғанын жеткізді. Бақташының айтуынша, соңғы төлем қазан айында жасалған. Ал қараша айында төрт сиырды иесіне қайтармақ болған кезде, үйден ешкімді таппаған.
Екі куә де Наурыз Мұқанғалиевпен тек WhatsApp арқылы жазбаша байланысқанын, аудио немесе бейнеқоңырау болмағанын айтты.
Бұл іс бойынша бұған дейін айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеген болатын.
Қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Іске судья Зарема Хамидуллина төрағалық етеді. Сот процесі 2026 жылғы 18 мамырда басталған.
Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевке адам өлтіру, ұрлық және алаяқтық секілді бірнеше бап бойынша айып тағылған.
Сот отырыстары жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, сондықтан айыпталушының кінәсі тек сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана анықталған болып есептеледі.
